Қазақстан құрамасы волейболдан Азия кубогында үздік бестікке ілікті
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның Ахмедабад қаласында волейболдан ерлер командалары арасында өтіп жатқан Азия кубогында Қазақстан құрамасы бесінші орынға ие болды.
Қазақстандықтар бесінші орын үшін ойында Таиланд командасымен шеберлік байқасты.
Бірінші партия текетіреспен өтіп, есеп 17:17 болғаннан кейін қазақстандықтар таразы басын өздеріне аудара білді – 25:21.
Екінші сетте бастапқыда таилықтар алға кеткенімен, Сергей Трикоздың шәкірттері есесін жіберген жоқ – 25:23.
Үшінші партия Таиландтың еншісіне жазылды – 25:22. Дегенмен Қазақстан матчты жеңіспен аяқтай білді – 27:25. Қорытынды есеп – 3:1.
Осылайша, негізінен жастардан жасақталған Қазақстан командасы Азия кубогында үздік бес құраманың қатарына кірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Азия кубогында Қазақстан топтық бәсекені жеңіспен түйіндегенін жазған едік.