Қазақстан құрамасы волейболдан Азия кубогының қола жүлдесіне таласады

АСТАНА. KAZINFORM — Филиппиннің Кандон қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында өтіп жатқан Азия кубогының финалына шыққан алғашқы құрама анықталды. 

Қазақстан құрамасы волейболдан Азия кубогының қола жүлдесіне таласады
Фото: Фото профиля volleyfederationkz volleyfederationkz

В тобында бірінші орын алған Қазақстан командасы жартылай финалда Тайбэймен шеберлік байқасты.

А тобында екінші орын алғанмен, тайбэйліктер фавориттер қатарында еді. Өткен жылы осы жарыста қола жүлде үшін бәсекеде қазақстандықтар Тайбэйге есе жіберген болатын.

Бұл жолы бас бапкер Асқар Шалқыбеков байланыстырушы Наталья Хазова, сондай-ақ Татьяна Яцкив, Кристина Белова, Юлия Фоменко, Жанна Сыроежкина, Айгүл Мүлкібаева, либеро Әмина Қырықбаеваға сенім артты.

Бірінші партияда қазақстандықтар барынша тайталасып бақты, тіпті алға шыққан кездері болды. Сет соңында есепті қысқарта алды – 23:25. Алайда бұдан кейін тайбэйліктер дес бермеді – 25:16, 25:14. Қорытынды есеп – 3:0. 

А.Шалқыбеков ойыншыларды алмастырғанымен, одан ештеңе өнбеді.

Осылайша, Тайбэй финалға жолдама алса, Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін алаңға шығатын болды. Қазақстандықтар екінші жартылай финалда кездесетін Оңтүстік Корея мен Вьетнам командаларының қай жеңілгенімен ойнайды. 

Еске сала кетейік, бұдан волейболдан Азия кубогында Вьетнамды жеңген Қазақстан құрамасының өз тобында бірінші орын алғанын жазған едік