Қазақстан құрамасының футболшылары Ереван қаласына жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Қазақстан құрамасы Ереван қаласына ұшып келді.
Ұлттық құрама ойыншылары ертең сағат 20:50-де Армениямен жолдастық кездесу өткізеді. Матчты Qazsport телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді.
Армениядағы ойыннан кейін Қазақстан 11 маусым күні Мажарстандағы Сомбатхей қаласында Әзербайжан құрамасымен жасыл алаңда жолығады.
Оқу-жаттығу жиыны барысында ел құрамасы сапынан Ислам Чесноков (аяқ жарақаты), Александр Зуев, Бекхан Шайзада (екеуі де - ЖРВИ) кетуге мәжбүр болды. Команданың үшінші қақпашысы ретінде «Қайрат» ойыншысы Данил Устименко шақыртылды.
Еске сала кетейік, Станислав Черчесовтің футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалғанын жазған едік.
Айта кетсек, құрама тізгінін ұстаған ресейлік маман Еревандағы ойынға қатыспайды. Оған дейін футболшыларды уақытша Руслан Балтиев жаттықтырып, ертеңгі ойынға бастап шығады.