Қазақстан құрамасы Еуро-2024-ке шыға ала ма - футбол сарапшысының пікірі

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Спорт журналисі әрі комментатор Петр Воликов Қазақстан құрамасының 2024 жылғы футболдан Еуропа чемпионатына шығу мүмкіндігі бар деп санайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан құрамасы бес кездесуден кейін 13 ұпай жинап, турнир кестесінде бірінші орын алды. Енді біздің жігіттерді Әзербайжанға қарсы ойын күтіп тұр. Олар 7 ұпаймен топта екінші орында.

«Мен бұл матчқа комментатор болдым. Басқа да жанкүйерлер секілді айқайлап, уайымдап отырдым. Жеңісті эмоциямен тойладым. Бұл - жетістік. Мен Беларусь құрамасынан басым түсетінімізге сендім, себебі, Беларусьтің қазіргі құрамасы, меніңше, өте әлсіз. Тіпті, Transfermarkt мәліметі бойынша Беларусь қазіргі құрамының құны Қазақстан құрамасынан да төмен. Маусым айында екі құрама арасында өткен матчқа қарағанда, кеше біздің жігіттер фаворит саналды. Оның үстіне бұл - өз алаңымыздағы матч, жанкүйерлердің қолдауы бар . Бұл кездесуде біз жақсы ойын көрсетуге мүмкіндік алдық», - деді спорт журналисі және комментатор Петр Воликов.

Ол сондай-ақ Ұлттар лигасының «В» лигасында енді Түркия, Грекия, Грузия, Солтүстік Македония секілді мықты командалар ойнайтынын атап өтті.

«Бізде «Евро-2024»-ке қатысуға мүмкіндік бар. Бірақ, ол үшін іріктеу матчтарын жеңуіміз керек. Алайда Қазақстанның бүгінгі құрамасына сенбеу мүмкін емес. Біз топта басты фаворит болып саналатын Словакия құрамасын екі рет, Әзербайжанды бір рет, сондай-ақ тарихта алғаш рет белорусьтерді жеңдік. Біздің жігіттерге сәттілік серік боларына қатты сенемін, дегенмен, «Евроға» шығу өте қиын болады. Қазіргі таңда Магомед Адиевтің командасы жанкүйерлеріне үлкен сенім сыйлады, бізде бәрі ойдағыдай болады, бәрі де мүмкін деп есептеймін», - деді комментатор.

Петр Воликов Қазақстан құрамасының ойыншыларының деңгейін жоғары бағалады. Ол 24-жастағы Рамазан Оразов пен Бахтиера Зайнутдиновқа ерекше тоқталды.

«Қазақстандықтар Беларусь құрамасымен өткен матчта қарымта шабуылға жиі шығып, комбинациялық футбол көрсетті. Екінші таймда барлық позициялық шабуылдарды Рамазан Оразов өрбітіп отырды. Ол орталық қорғаушыларға көмектесті, гол соғарда дәл пасты да сол берді. Оның әлі жас екені қуантады. Егер ол осындай ойын өрнегін көрсете берсе, болашағы зор болады. Бахтиер Зайнутдинов та жақсы өнер көрсетті. Ол негізгі ойыншы. ЦСКА-да орталық қорғаныста, ал ұлттық құрамада шабуылда ойнайды. Әмбебап футболшы. Жалпы, барлық қорғаныс өте үйлесімді және жақсы ойнады», - деді ол.

Бұған дейін хабарланғандай, УЕФА аясында өнер көрсеткелі Қазақстан құрамасы ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп, өз тарихында алғаш рет 13 ұпай жинады. Бұрын «Еуро-2008» және «Еуро-2020» іріктеу жарыстарында 10 ұпай алған.

25 қыркүйекте сырт алаңда Қазақстан құрамасы «С» лигасының қорытынды турында Әзербайжанға қарсы ойнап, жинаған ұпай саны бойынша рекордын тағы да жаңартуға тырысады.

Еске салайық, Қазақстан өз алаңында Беларусьті жеңіп, UEFA Ұлттар лигасының В тобына жолдама алды.

Қазақстан футбол құрамасын осы тарихи жетістігімен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та құттықтады.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Қазақстан құрамасының жеңісіне қатысты пікір білдірген еді.


Фото: www.instagram.com/volikov1




Соңғы жаңалықтар