Қазақстан құрамасы шорт-тректен әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Минск қаласында шорт-тректен мәреге жеткен әлем кубогының қорытынды, алтыншы кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасы ерлер арасындағы эстафеталық жарыста 5 мың метрлік қашықтықта сынға түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХААтілшісі.

Қазақстан құрамасы шорт-тректен әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері атанды

Ресейдің «Матч Игра» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, соңғы сынға Қытай, Ресей, Голландия және Қазақстан құрамалары шықты. Қазақстандықтар сапында батысқазақстандықтар Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев және атыраулық Денис Никиша өнер көрсетті. Мәре сызығын голландиялықтар бірінші болып қиса, құрамында қос бірдей Олимпиада чемпионы бар ресейліктер күміс жүлдегер атанды. Ал қазақстандықтар қола жүлдеге ие болды.

Еске сала кетейік, Минск кезеңі Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков бастаған мамандар баптайтын ел құрамасы үшін аса сәтті болды.

Алдымен кеше Н.Жұмағазиев 1 мың метр қашықтықта қола жүлдені иеленсе, бүгін 500 метр қашықтықта Денис Никиша алтын, Абзал Әжіғалиев күміс медальды жеңіп алды. Содан кейін Нұрберген өзінің оң жамбасына келетін 1 мың метрлік қашықтықта тағы бір қола жүлдеге қол жеткізді.