Қазақстан құрамасына Еуропа чемпионатына шығатын кез келді - Қайрат Боранбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қайрат» футбол клубының Бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне тартылған жеребеге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «SPORTINFORM» САА-ға сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасына Еуропа чемпионатына шығатын кез келді - Қайрат Боранбаев

Кеше Ирландия астанасы Дублинде EURO-2020 іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды. Оның нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы Бельгия, Ресей, Шотландия, Кипр және Сан-Мариномен бірге І тобына түсті.

Ресми шараға қазақстандық меценат, бизнесмен, алматылық «Қайрат» клубының иесі Қайрат Боранбаев қатысты. Дублинде, жеребе тарту рәсімінен тыс, екі күн бойы УЕФА атқару комитетінің отырысы болады. Қазақстан Футбол федерациясы атқару комитетінің мүшесі әрі ҚФФ Халықаралық байланыстар комитетінің басшысы ретінде Қайрат Боранбаев бірнеше іскерлік кездесу өткізді.

«Ұлттық футбол федерациялары қашанда футбол және оны дамыту мәселелерін талқылауға ашық. Бүгін УЕФА 2024 жылға дейінгі даму стратегиялық жоспары мен талдауын таныстырды. Оған УЕФА президенті Александр Чеферинмен бірге ұйымға мүше ұлттық қауымдастықтардың бәрі қатысты», - деді Қ.Боранбаев.

- Жеребе қорытындылары туралы пікіріңіз қандай? Қазақстан құрамасы Бельгия және Ресей командаларымен бір топқа түсті. Қазақстан құрамасының қай орынды иеленуге шамасы келеді? Топтан шығуға басты үміткерлер кімдер?

- Біздің құрамаға айтулы нәтижелерге қол жеткізетін, Еуропа чемпионатына баратын уақыт жетті. Меніңше, қазір қазақстандық футболшылардың жақсы буыны өсіп жетілген. Олар алдына қойылған міндеттерді шешіп, қажетті нәтижеге қол жеткізуге шамасы келеді. Қазақстан құрамасы футболшыларының алдына, егер олар қазақ футболының тарихында із қалдырғысы келсе, барынша көп міндет қою қажет.

Еуро-2020 іріктеу кезеңінің топтары:

A тобы: Англия, Чехия, Болгария, Черногория, Косово

B тобы: Португалия, Украина, Сербия, Литва, Люксембург

C тобы: Нидерланды, Германия, Солтүстік Ирландия, Эстония, Беларусь

D тобы: Швейцария, Дания, Ирландия, Грузия, Гибралтар

E тобы: Хорватия, Уэльс, Словакия, Венгрия, Әзербайжан

F тобы: Испания, Швеция, Норвегия, Румыния, Фарерск аралдары, Мальта

G тобы: Польша, Австрия, Израиль, Словения, Македония, Латвия

H тобы: Франция, Исландия, Түркия, Албания, Молдова, Андорра

I тобы: Бельгия, Ресей, Шотландия, Кипр, Қазақстан, Сан-Марино

J тобы: Италия, Босния және Герцеговина, Финляндия, Греция, Армения, Лихтенштейн

Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне әр топтың үздік екі командасы жолдама алады. 20 жолдама осылай анықталса, қосымша ойындар арқылы тағы төрт құрама белгілі болады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, УЕФА футболдан 2020 жылғы Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінің ойын күнтізбесін жариялады. Оған сәйкес, Қазақстан іріктеу кезеңін өз алаңында бастайтын болды. Біздің құрама 21 қарашада Шотландиямен кездеседі.