Қазақстан Құрық портында Abu Dhabi Ports-пен бірлескен терминал салады

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында Құрық портының логистикалық әлеуетін арттыру жобаларына тоқталды.

Марат Қарабаев
Фото: Үкімет

«Биыл Халықаралық Транскаспий бағыты бойынша тасымал көлемі 68% өсіп, 3 млн 800 мың тоннаға жетті. Транзиттік контейнерлік тасымалы 2,7 есе артты. Бұл ретте, Қытайдан келетін транзиттік контейнерлік тасымалдардың 25 есе артқанын атап өткен жөн», - деді Марат Қарабаев.

Ведомство басшысы бұған былтыр Сиань қаласында құрылған бірлескен терминал үлкен ықпал еткенін айтты.

«Сиань қаласындағы терминалға қосымша Поти портында да қазақстандық жеке терминал іске қосылды. Ақтау портында қытайлық «Ляньюньган порт» компаниясымен бірлесіп контейнерлік хаб құрылысы басталды.

Құрық порты бойынша «Abu Dhabi Ports»-пен бірлескен көпфункционалды «Саржа» терминалының салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Дәліздің Еуропалық бөлігінде қазақстандық терминал салу мәселесі пысықталуда», - деді көлік министр.