Қазақстан құс фермерлері қазіргі субсидиялау тетіктерін 2020 жылға дейін қалдыру сұрауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның құс фермерлері одағының президенті Руслан Шәріпов бүгінгі уақытта қолданылып отырған субсидиялау тетігін 2020 жылға дейін қалдыру ұсынды.
Қазақстанның құс фермерлері одағының басты ұсынысы - бүгінгі уақытта қолданылып отырған субсидиялау тетігін 2020 жылға дейін қалдыру. Аталған тетіктің арқасында жүйенің ашықтығы мен әділдігі артты, бұл өз кезегінде өндірістік көлемнің артуына және жалпы саланың дамуына оң әсерін берді», - деп атап өтті ол Астанада өткен одақтың алқа отырысында.
Оның айтуынша, ҚР Ауыл шаруашылығының жыл сайынғы тұрақты қолдаудың арқасында құс фермерлері өздерінің өндірістерін жаңғырта бастады, кәсіпорындардағы техникалық және технологиялық жарақталуы жаңартылды, жаңа құс фабрикалары бой көтерді.
Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы «Айтас групп» компаниясы Ақмола облысында жылына 60 мың тонна құс етін шығаратын фабриканы салды. Сонымен қатар ОҚО-да «Ордабасы құс» фабрикасы күркетауық етінен түрлі өнімдер шығаруда. 2020 жылға қарай олар 20 мың тонна күркетауық етін өндіруді көздеп отыр.
«Соңғы жылдарға көз тастайтын болсақ, елде құс шаруашылығы қайта жанданып келеді. 1990 жылы ең үлкен өсім болған кезде құс басы 59,9 млн. құраған болатын. Кейін 24 жылда оның саны 36 млн. төмендеді. 2016 жылы құс етін өндіру көлемі 196 мың тонна болмақ, жұмыртқа өндірісі жылына 5 млрд. данаға жетпек», - дейді Р.Шәріпов.
Оның сөзіне қарағанда, субсидия бағдарламасының көлемі 18 есе артқан. Егер 2014 жылы жұмыртқа өндірісіне 6,7 млрд. теңге бөлінсе, 2015 жылы - 9,7 млрд теңге бағытталған. Құс етіне 2014 жылы 7,1 млрд. теңге қарастырылса, 2015 жылы - 8,4 млрд. теңге субсидия жұмсалды.