Қазақстан мен Кувейт тікелей әуе қатынасын дамытуға мүдделі

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан мен Кувейт тікелей әуе қатынасын кеңейту және екі ел арасындағы жолаушылар рейстерінің жиілігін арттыру мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстан Кувейтпен тікелей әуе қатынасын дамытуға мүдделі
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев пен Кувейт Азаматтық авиация бас басқармасының президенті шейх Хамуд Мубарак Ас-Сабахтың кездесуінде қаралды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Тараптар азаматтық авиация саласындағы қазақ-кувейт ынтымақтастығын одан әрі дамыту және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын кеңейту перспективаларын талқылады.

Қазақстан мен Кувейт арасындағы тікелей жолаушылар рейстерінің жиілігін арттыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Бұл екі мемлекет арасындағы іскерлік және туристік байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал ететіні атап өтілді.

Сондай-ақ қазақстандық өнімдерді Кувейт нарығына тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейтуді және Қазақстан мен Кувейт арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайтуды қоса алғанда, әуе жүк тасымалдарын дамыту перспективалары қарастырылды.

Қазақстан мен Кувейт арасындағы Әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісімді жасасу мәселесі жеке қаралды. Аталған келісімнің жобасы бұған дейін қазақстандық тараппен Кувейт тарапының қарауына ұсынылған болатын. Осыған байланысты құжатты кейіннен қол қою мақсатында одан әрі пысықтаудың маңыздылығы аталды.

Өз кезегінде шейх Хамуд Ас-Сабах Кувейт тарапының Қазақстанмен азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін білдіріп, екіжақты өзара іс-қимылды тереңдету, әуе қатынасын кеңейту және бірлескен бастамаларды іске асыру үшін қажетті күш-жігер жұмсауға дайын екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстан мен Кувейт арасындағы тікелей әуе қатынасын одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.

Осыған дейін Кувейттің Қазақстанның мұнай-газ жобаларына көз тігіп отырғаны туралы жаздық.