Қазақстан Қырғызстанмен екіжақты байланысты қандай да бір саяси ойындардың құрбаны етуге ниетті емес - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Қырғызстанмен арадағы екіжақты байланысты қандай да бір саяси ойындардың құрбаны етуге ниетті емес екендігін білдірді. Мұндай ойды Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Қазақстан Премьер-Министрінің ТМД Үкімет басшыларының кеңейтілген отырысында жасаған мәлімдемесін Қырғызстан тарабына, яғни ресми Бішкекке айқын белгі деп қарастыру керек. Премьер-Министр не айтты? «Біз экономикалық мәселелер бойынша ынтымақтастыққа, конструктивті диалог жүргізуге  дайынбыз» деді. Мен осы сөзге баса назар аударар едім. Себебі, Қазақстан қырғызстандық тараптың арандатушылық, саяси әдепке, жалпы шындыққа  сай келмейтін мәлімдемелеріне қарамастан бұл елге қарсы қандай да бір қатаң мәлімдеме жасамады. Жалпы, екіжақты байланысты қысқа мерзімде саяси бір ойындардың құрбаны етуге ниетті емес екендігін білдірді», - деді ол.

Оның айтуынша, еліміздің Үкімет басшысы кешегі мәлімдемесінде Қазақстанның Қырғызстанмен экономикалық байланыстарды ары қарай сапалы  дамытуға және конструктивті диалог жүргізуге ниеті бар екендігін білдірді.

«Ал осы конструктивті диалогты бастау үшін Қырғызстан тарабы белгілі бір қадамдарға баруы керек және ол қадамдарды Қазақстанның Үкімет басшысы нақтылап айтып та берді. Біріншіден, Қырғызстан ЕЭАО  аясында қабылдаған міндеттемелеріне орай заңнамаларын одақ заңнамасына сәйкестендіруі тиіс. Сонымен қатар одақ аясында ветеринарлық және фитосантитарлық тексеру жүйелерін ретке келтіру бойынша мойнына алған міндеттемелерін орындауы қажет. Екіншіден, өзінің аумағы арқылы өтетін заңсыз экспортты тоқтатуы керек. Бұл жерде реэкспорт жайында әңгіме болып отыр. Сол арқылы экономикамызға тиіп жатқан шығындарды болдырмауымыз қажет. Үшіншіден, Қырғызстан өзінің аумағынан қару-қарақ, контрабанда және осы сияқты  қауіпсіздікке кері әсерін тигізетін заттарды өткізбеу туралы шараларды қабылдауы тиіс», - деді ол.

Сонымен қатар ол Қырғызстан Премьер-Министрі Сапар Исаковтың Қазақстанды ТМД аясында жасалған еркін сауда айналымы туралы келісімнің шарттарын сақтамай отыр деп айыптап үлгергеніне де тоқталды.

«Өкінішке қарай, бұл Қырғызстан тарапының әлі де болса диалогке дайындығының аз екендігінен хабар береді. Бұған жауап ретінде ҚР Премьер-Министрі Қазақстан барлық келісімдерді өз деңгейінде орындап отырғанын және Қырғыз Үкімет басшысының мәлімдемесі шындыққа жанаспайтындығын ашық айтты», - деді Жұмабек Сарабеков.

Еске сала кетсек, кеше Ташкентте өткен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында Қырғызстан Премьер-Министрі Сапар Исаков күтпеген жерден Қазақстанның Қырғызстанға қатысты 2011 жылы 18 қазандағы ТМД еркін сауда аймағы туралы шартты толық орындамағанын мәлімдеген болатын. Қазақстан Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев қырғыз тарапының мәлімдемесін орынсыз деп атап, Қырғыз тарапын бес принцптік бағыт бойынша сындарлы шешім қабылдауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар