Қазақстан қысқы Азия ойындарының тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылатын Алау эстафетасын өткізу құрметіне ие болды - С. Құранбек
анның 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2011 жылы елімізде VII Қысқы Азия ойындары өтеді. Атап өтерлігі, біздің ел саналы тарихында Азиаданы алғаш рет қабылдағалы отыр. Сонымен қатар тағы бір тоқталатын мәселе - Қысқы Азия ойындары шежіресінде тұңғыш рет Алау эстафетасы ұйымдастырылатын болады. Бұл тарихи сәт Қазақстанның ғана емес, Азиада ойындарының жылнамасына алтын әріптермен жазылмақ.
Алау эстафетасын ұйымдастыруда және өткізуде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы «ҚазАқпарат «тілшісіне берген сұхбатында 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындары Алау эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек айтып берді.
- Сәрсен Абайұлы! Маңызды әрі жауапты Алау эстафетасын өткізуге дайындық барысы қандай? Және эстафета жалпы қалай өткізілетіні жайлы айтсаңыз.
- Алау эстафетасы Қысқы Азия ойындарының тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отыр. Эстафета оты 2011 жылғы қаңтардың 11-і күні Азия Олимпиадалық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Куәйт қаласында тұтандырылады. Өздеріңізге белгілі, Олимпиада ойындарының Алауы дәстүр бойынша Олимп тауында тұтандырылып келеді. 1928 жылы бастау алған бұл көне дәстүр күні бүгінге дейін өз жалғасын табуда. Ал Алауды салтанатты түрде аталмыш ойындардың отаны саналатын Әл-Куәйт қаласында тұтандыру, Азия ойындарының тарихында тұңғыш болғалы отырған оқиға. Азия Олимпиадалық кеңесінің ұйғарымымен мұндай құрметке Қазақстан ие болды. Сөйтіп, біздің елде өткелі отырған VII қысқы Азия ойындарынан Алау эстафетасының тарихы басталады және Алауды салтанатты тұтатуды Азия ойындарының отанында өткізу дәстүрі қалыптаспақшы.
Сонымен бірге, Алауды тұтату да жаңаша сипатқа, өзгеше мәнге ие болмақ. Мәселен, Азия Олимпиадалық кеңесінің символы - күн екені белгілі. Осыған дейін Алау күн сәулесін жинақтайтын параболикалық шынының көмегімен тұтандырылып келген болса, біздің Азиадамыздың Алауы күннің сәулесінен қуат жинақтайтын, сол арқылы от ұшқынын тудыратын күн батареясынан тұтанбақшы. Алауды тұтату барысына Азия Олимпиадалық кеңесінің Президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах бастан-аяқ өзі басшылық жасайды және ол тұтандырылған Алауды театрландырылған қойылым барысында Ойындарды ұйымдастырушы Қазақстанның өкілдерінің біріне тапсырады. Мұның барлығы спутник арқылы жер-жерлерге таратылып, Азия елдерінде теледидар арқылы көрсетілетін болады. Қаңтардың 12-сі күні Алау ұшақпен Алматы қаласына жеткізіліп, ілесіп жүретін арнайы колоннамен оның көшелерін аралайды. Дәл осы тәртіппен эстафета елдің өзге де өңірлерінде өтеді. Саяхат барлығы 20 күнге созылады. Сөйтіп, қаңтардың 30-ы күні Алау Астана қаласына жеткізіліп, «Астана-Арена» стадионында өтетін VII қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты барысында Ойындардың бас қазандығын жағады.
Эстафетаның жүріп өтетін жалпы қашықтығы - 15 мың шақырымнан астам. Оның облыс орталықтары мен Алматы қаласындағы ұзындықтары 12 шақырымды, ал Астанадағысы 20 шақырымды құрайды. Алау эстафетасына барлығы 1020 алаугер қатысатын болады. Яғни, әр облыс орталығында - 60, Алматы қаласында - 80 және Астана қаласында - 100 алаугер бұл шараға жұмылдырылады.
Ал дайындық барысына келетін болсақ, жоспарланған барлық жұмыстар ойдағыдай және өз мерзімінде жүзеге асырылып жатыр деп айта аламын. Бүгінгі таңда Эстафетаны аймақтарда өткізу туралы барлық облыс әкімдерінің Қаулылары шықты, облыс әкімдерінің төрағалық етуімен Алау эстафетасының өңірлік кезеңдерін Ұйымдастыру комитеттері құрылып, Өңірлік штабтар жұмыс істеп жатыр.
- Эстафетаға арнайы колонна ілесіп жүреді деп айттыңыз. Оның құрамына толығырақ тоқталып кетсеңіз.
- Алау эстафетасына қатысты көлік тасымалы қазірдің өзінде бүге-шігесіне дейін ойластырылып қойды. Мәселен, Алау Әл-Куәйт қаласынан Қазақстанға, нақты айтқанда Алматыға ТУ-154 ұшағымен тікелей рейспен жеткізіледі. Ал бір өңірден екінші өңірге АН-30 ұшағы арқылы тікелей тасымалданады. Тек Астана қаласында өтетін мәрелік кезеңге Теміртау қаласынан көлік колоннасымен жеткізіледі.
Сонымен бірге, Астана, Алматы қалалары мен барлық облыс орталықтарында эстафетаға арнайы көлік колоннасы ілесіп жүреді. Оның басында және соңында полиция көліктері жүріп отырады. Колонна қатарында сондай-ақ екі автобус, жедел жәрдем мен техникалық көліктер, Алауды тасымалдаушы топ пен Алау сақшылары мінген көліктер, эстафетаның тікелей теледидарлық түсірілімін жасайтын медиа көлік бар. Олардың жалпы саны - 12 машина.
Ойындардың жабылу салтанаты Алматы қаласында болатындығы белгілі. Алауды ақпанның 5-інен 6-сына қараған түні Астанадан Алматы қаласына жеткізу міндеті Алау эстафетасы дирекциясына жүктелді. Осыған байланысты, біз бүгінгі күні «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының басшылығымен Алауды Алматыға темір жол көлігімен жеткізу туралы келіссөздер жүргізудеміз.
Тағы бір айта кететін жәйт, біз Алауды күзететін сақшыларды да арнайы іріктеуден өткізіп жатырмыз. Осы күндері Алатаудың баурайында орналасқан «Тау күні» сауықтыру кешенінде сақшыларды іріктеудің соңғы кезеңі болып табылатын оқу-жаттығу жиыны өткізілуде. Оның нәтижесі бойынша 30 үміткердің ішінен жекпе-жек күреске икемді, суыққа пен басқа да қиындықтарға мойынсынбайтын, Қарулы Күштер қатарында борыштарын өтеген 12 азамат іріктеліп алынады. Олар тасымалдаушы топтың қатарында Алауды алып жүреді, әрі алау құтысы мен алаугерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Әрине, біз эстафета кезінде отандастарымыз Алауға тек ізгі ниеттерін білдіреді деп сенеміз және оған күмән келтірмейміз. Сондықтан біздің сақшыларымыз тек Алаудың сәніне сән қосатын, Алауды көркемдейтін антураж болады деп үміттенеміз. Бірақ бұнымен бір мезгілде сақшылардың жұмысы жеңіл-желпі болады деп ойламаңыздар. Оларға Алаумен бірге күні-түні әуеде де, жерде де, жаяу да, атпен де, сол сияқты көлікпен, шанамен, тіпті кейбір креативті кезеңдерде раллийлік автомен де қозғалуға тура келеді.
- Алау эстафетасының алау құтысы (факел) мен жылжымалы қазандықты әзірлеу жұмыстары қазір қандай сатыда және оның тұсаукесері қашан өтеді?
- Бүгінде алау құтысы толығымен дайын. Құты мен тасымалданбалы оттықты (колба) Қазақстанға жеткіздік. Бұған дейін айтқанымыздай, Алау құтысын олимпиадалық ойындардың атрибутикаларын әзірлеумен айналысатын әлемге белгілі компания жасады. Оның салмағы 1 келі 850 грамм шамасында, ұзындығы - 65-66 сантиметр. Факел түсті металдардың қоспасынан дайындалған және ол ауа райының барлық жағдайына төзімді. Оның дизайнының негізіне Алматы маңында табылған, біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-І ғ. жататын сақтардың жарықтандырғыш құралы алынды. Құтының тұсаукесер рәсімін үстіміздегі қазан айының 22-сі күні Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында жасаймыз. Іс-шара «Азиадаға дейін 100 күн» атты ақпараттық-музыкалық шоу бағдарламамен сүйемелденетін болады. Жылжымалы қазандық жоғарыда атап өткен компанияда әзірленуде. Оны елге қарашаның 5-і күні әкелуді жоспарлап отырмыз.
- Қазір Алау эстафетасының алаугерлерін іріктеу жүріп жатқанын білеміз. Іріктеу қалай және қандай басты қағидаттарға сүйене отырып жүргізілуде?
- Иә, бұл күндері алаугерлерді іріктеу жұмыстары жүріп жатыр. Осыған байланысты өңірлерде облыс басшыларының төрағалық етуімен құрамына спорт ардагерлері, атақты спортшылар, «Нұр-Отан» ХДП өкілдері мен мәслихат депуттаттары кіретін облыстық комиссиялар құрылды. Іріктеу қарашаның 1-іне дейін жүргізіледі. Бұдан кейін, яғни желтоқсанның 1-іне дейін VII қысқы Азия ойындарын Ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің Президенті Темірхан Досмұхамбетов төрағалық ететін республикалық комиссия алаугерлердің тізімін қарап, қажет болған жағдайда түзетулер енгізе отырып бекітеді.
Қағидаттар туралы айтатын болсам, алаугер үміткері бойында отансүйгіштік қасиеті, спортта қандай да бір жетістіктері бар, елімізге, өзінің тұрғылықты жеріне еңбегі сіңген немесе кәсіби жетістікке жеткен тұлға болуы тиіс. Сонымен бірге, табиғи апаттар мен өзге де төтенше оқиғалар кезінде адам өмірін өлім аузынан арашалап қалған қарапайым кісілерге, ардагерлер мен мүгедектерге жете мән береміз.
Оның үстіне, Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған өзінің Жолдауында VII қысқы Азия ойындары еліміздегі бұқаралық спортты дамытуға ықпал жасайтын маңызды фактор болуы керектігін баса айтқан болатын. Ал бұқаралық спорттың негізі - балалар спорты. Сондықтан да, Алау эстафетасына 14 жасқа толған, жеке басының жетістіктерімен басқа балаларға үлгі бола отырып, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып жүрген балалар мен жасөспірімдер көптеп қатыстырылады. Сондай ақ Алау эстафетасы ауыл спортының жандануына да септігін тигізеді деген ойдамыз. Осы себепті де, Т. Досмұхамбетов бекіткен «2011 жылғы VII қысқы Азия ойындары Алау эстафетасының алаугерлер құрамын жасақтау тәртібі туралы» Ережеде бұған жіті назар аударылды. Осы Ережеге сәйкес облыс орталығының өзінен іріктеліп алынатын алаугерлердің пайыздық үлесі олардың жалпы санының 30 пайызын, ал облыстың аудан орталықтары мен ауылдық жерлерінен таңдап алынатындардың үлесі 70 пайызды құрауы тиіс.
Бұл жерде айта кететін жәйт, Қазақстан Президенті белгілеген саясатты жүзеге асыруға, соның ішінде бұқаралық спортты дамытуға басты жауапты тұлға - облыс әкімдеріне сол өңірдегі барлық мемлекеттік қызметкерлердің атынан алаугер ретінде қатысуына рұқсат берілді. Бүгінгі күнге дейін өңірлерде құрылған комиссияларға алаугер болуға үш мыңнан астам азаматтың өтініштері түсті.
- Бұған дейінгі сұхбаттарда Әл-Куәйт қаласында бастау алатын Алау эстафетасын қазақстандық тараптан велошабандоз Александр Винокуров пен хоккейші Талғат Жайлауов қабылдап алады деп айтылған болатын. Спортшылардың тарапынан келісім бар ма және алаугерлердің түпкілікті тізімі бекітілмегенімен, эстафетаға нақты қатыстырылатын басқа да азаматтар бар ма?
- Иә, дұрыс айтасыз. Әл-Куәйт қаласында өтетін Алауды тұтандыру салтанатына Винокуров пен Жайлауовтың алаугер ретінде қатысуы мүмкін екені, осыған сәйкес Қазақстан Хоккей және Велоспорт Федерацияларына тиісті хаттар жолданғанын айтқамыз. Бүгінгі таңда аталған Федерациялар да, спортшылар да өз келісімдерін берді. Ал анықталған басқа да алаугерлердің қатарына Жақсылық Үшкемпіров ағамыз сынды атақты спортшыларымызбен қатар, 5 жасар нәрестені алаулап жанып жатқан үйден алып шыққан Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты Шалкөде ауылының 13 жасар тұрғыны Жандос Ілияс, суға кетіп бара жатқан қыз баланы құтқарып қалған Қостанай облысы, Садовый ауылының тұрғыны Артем Колесниченко кіреді. Сонымен қатар еліміздің өнер жұлдыздары да алаугер болуға өз тілектерін көптеп білдіруде.
- Сұхбатыңызға рахмет!