Қазақстан Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға астық экспорттауды жолға қоймақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға астық экспорттауды жолға қоймақ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов мәлім етті.
«Қазақ астығына әр уақытта да сұраныс бар. Біздің негізгі нарықтарымыз - Иран, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері. Қазіргі уақытта бізде Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мен Қытайға астығымызды экспорттауға бағытталған жұмыстар жүргізілуде», - деді ол.
Комитет төрағасының атап өтуінше, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне астық экспорттау мәселесі бүгінде өз шешімін тапты десе де болады.
«Соңғы 3-4 жыл бойы біз Қытайға астық экспортын жылдан-жылға еселеп келеміз. Бұдан бөлек, болашақта Қытай арқылы Оңтүстік-Азия елдеріне, оның ішінде Оңтүстік Кореяға шығу мүмкіндігі қарастырылуда», - деді С.Қасенов.