Қазақстан-Қытай комиссиясының кезекті отырысында 2010 жылдан бастап еліміздің астығын Қытайға жеткізу үшін квота алу мәселесі талқыланады

АСТАНА. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Қазақстан-Қытай комиссиясының кезекті отырысында 2010 жылдан бастап еліміздің астығын Қытайға жеткізу үшін квота алу мәселесі талқыланады.

Қазақстан-Қытай комиссиясының кезекті отырысында 2010 жылдан бастап еліміздің астығын Қытайға жеткізу үшін квота алу мәселесі талқыланады

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

«Қазіргі күні Сыртқы істер министрлігіне сыртқы нарыққа қазақстандық астық пен ұнды шығарып сату мәселесіне қатысты  тапсырмалар жүктеліп, ол үшін Қазақстан елшіліктерінің жұмысын белсендіре түсу міндеті жүктелді. Сонымен бірге, алдағы уақытта өтетін Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комиссиясының кезекті отырысында 2010 жылдан бастап қазақстандық астықты Қытайға тасымалдау жөніндегі квотаны ашу мәселесін талқылау жоспарланып отыр», деді А. Күрішбаев.

Бұдан басқа, министрдің айтуына қарағанда, Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне «ҚазАгро» Ұлттық холдингімен бірлесе отырып, осы холдинг тарапынан берілген кредиттердің жекелеген бөлігін өтеуді соза түсу мәселесін пысықтауды жүктеген.  Аталған несиелер ауыл шаруашылығымен айналысушылар үшін көктемгі егіс және күзгі жиын-терім науқаны үшін берілген болатын. Сонымен бірге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгро» АҚ тарапынан кредиттер мен лизингтік төлемдерді 1 жылға дейін созу шаралары да қарастырылып жатыр.