Қазақстан-Қытай шекарасында ыстығы көтерілген екі жігіттің сынамасынан вирус табылмады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Қытайдан Қазақстанға өткен екі қазақстандықтың ыстығы көтеріліп, дәрігерлер олардан арнайы сынама алған болатын. Панфилов ауданы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, ауруханаға жеткізілген жігіттердің денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан-Қытай шекарасында ыстығы көтерілген екі жігіттің сынамасынан вирус табылмады

28 қаңтарда Панфилов ауданындағы «Nur joly» бекетінен өткен Қазақстанның екі азаматының температурасы көтерілгенін арнайы құрылғы анықтаған болатын. Олар аудандық инфекциялық емханаға шұғыл жеткізілді. Арнайы мамандар зерттеу сынамасын алып, екі азаматпен қарым қатынаста болған 20 адамды толық тексеруден өткізген. Зерттеу қорытындысына сәйкес екі азаматтан ешқандай вирустың белгілері байқалмады. Екі жігіт бүгінде емханадан шығып, үйлеріне қайтарылды.

Айта кетейік, аудандағы «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы 22 қаңтардан бастап жабылды. Ал, 29 қаңтардан бастап «Nur joly» өткізу пунктінен жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың қатынасы тоқтатылды.