Қазақстан-Қытай шекарасындағы бекеттер тиімділігін арттыру жөніндегі жоспар талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Қазақстан-Қытай шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерінің тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды іске асыру бойынша мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Қазақстан-Қытай шекарасындағы бекеттер тиімділігін арттыру жөніндегі жоспар талқыланды
Фото: primeminister.kz

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы Данияр Жаналинов қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы аптада «Нұр Жолы» бекетінің өткізу қабілеттілігі едәуір артқанын баяндады. Атап айтқанда, 19 наурызда ҚХР-дан ҚР-ға 680-нен астам жүк көлігі (13 наурызда шамамен 150 көлік), ал ҚР-дан ҚХР-ға 140-қа жуық көлік өткен. Шекарадағы кезек алғашқы күндері нақты 300 көліктен 20 наурыздағы жағдай бойынша шамамен 70 көлікке дейін азайды. Қазақстан жағында көбіне Қытай визаларын алуды күтіп отырған тасымалдаушылар басым.

Премьер-Министр Сыртқы істер министрлігінің көмегімен бұл процесті жеделдету, сондай-ақ қазақстандық компанияларды халықаралық тасымалдарға шығуын оңайлату жөніндегі шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов шекаралық бақылау-өткізу бекеттеріндегі электрондық кезекті қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауды және оңтайландыруды тапсырды. Оның айтуынша, бұл процесті ашық әрі тиімді жүргізу үшін «Атамекен» ҰКП-ны тарту керек.