Қазақстан Қытайға астық жеткізу көлемін 1 млн. тоннаға дейін ұлғайтуды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Мемлекеттік азық-түлік басқармасы бастығының орынбасары Цзэн Лиин ханыммен кездесті, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы астық секторындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Соның ішінде, Қазақстаннан ҚХР-ға импортталатын астықтың квотасын 2019 жылы 500 мың тоннаға дейін және 2020 жылы 1 млн. тоннаға дейін ұлғайту мәселесін талқылады.
Бұған қоса, қазақстандық тарапқа қытайдың ішкі астық нарығының басқа қатысушылары арасында квота бөлу ұсынылды.
Қазіргі уақытта квоталанған астықтың 95% «COFCO» мемлекеттік компаниясы таратады.
Айта кетейік, State Administration of Grain (SAG) астық секторына жауапты Қытайдың әкімшілік мемлекеттік мекемесі. SAG ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, астық секторын дамытуға жәрдемдесу, астықты макро-реттеуді жүзеге асыру, орталық астық қорын басқару және халықаралық ынтымақтастық пен алмасуды жүзеге асырумен айналысады.