Қазақстан Қытайға электр энергиясын экспорттау мүмкіндіктерін қарастырып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Екібастұздан Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиясына желі салу арқылы электр энергиясын экспорттау мүмкіндігін қарастыруда.

 Қазақстан Қытайға электр энергиясын экспорттау мүмкіндіктерін қарастырып жатыр

Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Энергетика министрі Владимир Школьник мәлім етті.

Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстанның энергетикасын экспорттау әлеуетін арттыру мақсатында перспективалық бағыттар қаралып жатыр. «Бұндағы маңызды бағыттардың бірі Екібастұздан Шыңжаң-Ұйғыр автономиясындағы Хами қосалқы стансасына дейінгі аралықты қамтитын электр желісі құрылысын салу болып отыр. Онда тұрақты желі бойынша (+/-) 700 кВт кернеулікті қамтуға болатын еді. Ал бұның өзі Қазақстанның 6 гВт электр энергиясын Қытайға экспорттауға мүмкіндік берер еді», - дейді министр.

Оның сөзіне қарағанда, күрделі болғанына қарамастан, бұл бағытта келіссөздер жүріп жатыр. Сонымен қатар, ведомство басшысы аталмыш жоспардың қазақстандық экспортты әлеуетті ете түсуге, бюджетті толықтыруға мүмкіндігі зор екенін алға тартады.