Қазақстан Қытайға мың тонна қой етін жеткізеді
«Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушылар қауымдастығы Қытайға қой етінің алғашқы партиясын жеткізуді ұйымдастырды. 2018 жылғы 29 қарашада 16,3 тонна көлемінде мұздатылған қой етінің контейнері Қарағанды қаласындағы теміржол вокзалынан Алтынкөл өткізу бекеті арқылы Үрімжі қаласына қарай жол тартты. 12 желтоқсанда контейнер Үрімжі-Батыс теміржол стансасында түсірілді. Ветеринарлық-зертханалық зерттеулерден кейін контейнер Гансу провинциясына жөнелтіледі», - деді ҚР Ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы Бауыржан Бақшылов.
Сондай-ақ, еттің алғашқы партиясын қарсы алу рәсіміне ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдігі басшысының орынбасары Шыңғыс Есіркепов және Xinjiang KTZ International Logistics Co. Клиенттермен жұмыс бойынша менеджері Сейітжанов Мұхамеджан қатысты.
«Қауымдастықтың жасааған алғашқы келісімшартының көлемі 300 тоннаны құрайды, олар жақын арада жеткізілетін болады. Бұдан басқа, осы шарт бойынша жеткізілімдер аяқталғаннан кейін Қытайға мың тонна қой еті экспортталады», - деді Б.Бақшылов.
Еске сала кетейік, қазақстандық өндірушілер мұздатылған қой етінің экспортын төрт есеге ұлғайтты. Егер 2016 жылы тек 190 тонна экспортталса, 2017 жылы экспорт көлемі 900 тоннаны құрады немесе 4,2 есеге өсті.