Қазақстан Қытайға жылына 400 млн жұмыртқа экспорттай алады - Божко
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық жұмыртқа өндірушілер өз өнімдерін Қытайға экспорттауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Бізге Қытайдың нарығына ену керек. Себебі, 5 жыл бұрын қазақстандық құс шаруашылығымен айналысушылар жергілікті нарықты қамтамасыз етуді көздесе, қазіргі таңда нарықты толық қанағаттандырып, тіпті экспортқа шығаруға мүмкіндік алып отырмыз. Жанымызда Қытайдың алып нарығы тұр. Қазірдің өзінде Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан елдеріне жұмыртқа экспортталуда. Тек Ауғанстанға ғана өткен жылы 13 миллион доллардың 250 млн жұмыртқасы жөнелтілді. Біздің жұмыртқа бәсекеге қабілетті», - дейді Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Максим Божко Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жұмыртқаны экспортқа шығару бағытында Иран тарапымен келіссөздер жүргізілуде.
«Экспорт бойынша сандар жыл сайын үш есеге өсіп келеді. Егер 2015 жылы экспортқа 20 млн жұмыртқа шығарылса, 2016 жылы 120 млн, 2017 жылы 280 млн жөнелтілген. Біз өндірістік қуаттылықты одан ары өсіре аламыз. Бірақ, өнімімізді сатып алатын нарық керек. Ветеринарлық мәселелерге байланысты Қытай қазір Қазақстандағы өндірілетін жұмыртқаны алмайды. Өткен жылы қытайлық ветеринарлар құс фабрикаларынан басқа біздің кәсіпорындарды аралаған. АШМ-нен өтінім болмағаннан кейін жұмыртқа өндіретін фабрика мен құс фабрикаларына олар бармады», - дейді ол.
Божко Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жұмыртқа өндірушілер көмек күтетінін айтты.
«Бізге әлеуетті сатып алушылар келгенімен, тыйымды білгеннен кейін бұрылып кете барады. Қытай нарығының бір пайызына ғана 4 млрд жұмыртқа керек. Қазір біз жылына 4 миллиард жұмыртқаны өндіріп жатқанымызбен, бірден оның бәрін сондағы нарыққа енгізуді көздеп отырған жоқпыз. Біз тек артылғанын шығарғымыз келеді. Қазір артық қалатын жұмыртқаның саны 300-400 миллионға жетіп отыр. Демек, бұл Қытай нарығының 0,1 пайызы. Бізге әсіресе, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы өлкесінің нарығы қызықты», - дейді Максим Божко.
Айта кетсек, бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Целиноград ауданындағы «Родина АФ» ЖШС-да болды. Сонымен бірге, министр Целиноград ауданының әкімдігінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен саланың өзекті мәселелерін талқылады.