Қазақстан Лаос өнімдерін Орталық Азия нарығына шығаруға дайын
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келген Лаос Халық Демократиялық Республикасының Президенті Тхонглун Сисулит Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Президенті Тхонглун Сисулит арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Келіссөздер барысында экономиканың түрлі салаларындағы қазақ-лаос ынтымақтастығын кеңейту әлеуеті атап өтілді. Қазақстан Лаос өнімдерін Орталық Азия мен Еуразия өңірінің нарықтарына ілгерілету үшін сауда-логистикалық көпір болуға дайын.
Сондай-ақ кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды арттыру перспективалары қаралды. Қазақстан егістік жерлер мен жайылымдар көлемі бойынша әлемде алтыншы орында және әлемдегі ең ірі бидай мен ұн экспорттаушылардың қатарына кіреді. Лаос тарапы қазақстандық дәнді және майлы дақылдарды, жемшөп пен ет өнімдерін, ал қазақстандық тарап Лаостан кофе, каучук және тағы да басқа импорт тауарларын жеткізуге қызығушылық танытты. Өзара іс-қимыл үшін мүмкіндіктер аграрлық кооперацияда, ауыл шаруашылығы өнімдерін бірлесіп өңдеу мен сақтауда, суарудың заманауи технологияларын енгізуде де ашылуда.
Цифрландыру саласында ынтымақтастық орнатудың әлеуеті жоғары. Қазақстанға Тхонглун Сисулиттің сапары аясында қол қойылған ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) және электрондық мемлекеттік қызметтер саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум серіктестіктің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатыны атап өтілді. Құжат осы саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жүйелі түрде кеңейтуге және тереңдетуге ықпал ететін болады.
Мәдени-гуманитарлық сала және туризм саласы да перспективалы бағыттар болып саналады.
Лаос Халық Демократиялық Республикасының Президенті Тхонглун Сисулит Қазақстанмен достық қатынастарды одан әрі дамытудың және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар өңірлік өзара іс-қимылды дамытудың маңыздылығы атап өтілді. Қазақстан Лаосты тек екіжақты серіктес ретінде ғана емес, сонымен қатар Оңтүстік – Шығыс Азия елдерімен экономикалық және іскерлік байланыстарды кеңейтудегі маңызды қатысушы ретінде қарастырады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Лаостың тұрақты және сенімді қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ перспективалық бағыттар бойынша практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілігі расталды.
Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос Президенті Тхонглун Сисулитпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Қазақстан Лаосты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын айтты.