BBC қазақстандық Silk Way Star жобасын гуманитарлық диалог үлгісі деп жазды

АСТАНА. KAZINFORM — Британиялық BBC корпорациясы Армения мен Әзірбайжан арасындағы бейбіт келісімнің келешегі туралы сараптамалық мақалада Қазақстанда орын алған эпизодқа тоқталды. Аталған жайт Silk Way Star халықаралық ән жобасында болған.

Қазақстан мәдени алаң ретінде бейбіт келісімге үлес қосты — BBC
Фото: BBC

Мақала авторы алдымен Армения мен Әзірбайжан халқы 30 жылдан астам уақытқа созылған қақтығысты біржола тоқтатып, татуласуға дайын екенін жазады. Қос ел қоғамының мұндай ниеті тек саяси келісімшарт жасасу барысында ғана емес, сондай-ақ бейресми іс-шараларда да жиі байқалады.

Символдық мәні бар сондай бір сәтке жұртшылық былтыр қараша айында Астанада өткен Silk Way Star байқауында куә болды. Аталған жобаға ҚР Президентінің ТРК мен China Media Group де қатысқан болатын. Бұл байқауға қазылық еткен әзірбайжандық әнші Самира Эфенди армениялық өнерпаз Саро Геворгянге жоғары ұпай беріп, сондай-ақ оны көпшілік алдында құшағына қысқан.

BBC-дің жазуынша, мұндай қадамдардың маңызы зор, мәні терең. Бұл ұзаққа созылған қарулы қақтығысқа қарапайым халық та нүкте қойғысы келетінін білдіреді. Ал әзірбайжандық әншінің сөзінше, ол қатаң сынға ұшырауы мүмкін екенін түсінсе де, диалогке қадам жасауды жөн санаған.

Сонымен қатар, мақалада бұл эпизод бейтарап алаңда — мәдениетаралық және гуманитарлық диалог кеңістігі саналатын Қазақстанда болғаны жазылған.

Еске салайық, бұған дейін Silk Way Star Президент Телерадиокешені мен CMG-дің жаңа жобасы екенін жазғанбыз.

Астанада өткен Азия елдері арасындағы «Silk Way Star» халықаралық байқауы жобаға қатысушы елдердің бас телеарналарынан көрсетілді.

Финалдың тікелей трансляциясын Jibek Joly телеарнасы жүргізді, ал параллель эфирлер Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және Моңғолияда ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум