Қазақстан мәдениетінің жетістіктері бүкіл әлемде мойындалуда - сарапшы О. Хората

АСТАНА. ҚазАқпарат - Анкараның «Хажеттепе» университетінде Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен «Қазақстан және Қазақ хандығының 550-жылдығы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қазақстан мәдениетінің жетістіктері бүкіл әлемде мойындалуда - сарапшы О. Хората

Шараға «Хажетепе» университетінің ректоры Мурат Тунжер, ҚР-ның ТР-дағы Елшісі Жансейіт Түймебаев, Қ.А. Яссауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетінің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Осман Хората, Түркі академиясының президенті Дархан Қыдыралы, Түркітілдес мемлекеттері Ақсақалдары кеңесінің мүшесі және ҚР Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты Әділ Ахметов, Анкара дипломатиялық корпусының өкілдері, Түркияның әйгілі академиялық және қоғамдық-саяси қайраткерлері қатысты.

Ж. Түймебаев Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған іс-шараны ұйымдастырғаны үшін «Хажетепе» университетінің басшылығына алғысын білдірді. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» жолдауында Қазақ хандығының 550 жылдығын 2015 жылы атап өту туралы ұсынысы осы тарихи оқиға айналасында біраз қызығушылық тудырып, тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де қоғамдық резонанс тудырғанын атап өтті.

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

«Хажетепе» университетінің ректоры конференцияны ашу рәсімінде Қазақстан Түркия үшін стратегиялық серіктес мемлекет екенін атап өтіп, екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты белсенді жалғастыруға әзір екенін білдірді.

«Бұл оқиға тек Қазақстан халқы үшін ғана емес, жалпы түркі әлемі үшін ерекше іс-шара екен деп білемін. 550-жылдық - өткен заманның санағы ғана емес, еңсеруді қажет ететін болашақ белес. Бұл - ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру мүмкіндіктерінің бірі», - деді М. Тунжер.

О. Хората түркітілдес мемлекеттердің тарихы және мәдени дәстүрін зерттеуде ортақ күш-жігердің қажеттілігін атап өтті. Осыған орай, Қазақ хандығының 550-жылдығын атап өту іс-шарасы мемлекет қалыптасуының терең тамырларын мойындатқызып, бауырлас Қазақстан жеріндегі мемлекеттілікті тарихи дәлелдейтін болады.

«Қазақ даласы мыңдаған жылдар бойы түрлі өркениеттердің тоғысқан, ұлы көштердің өткен жері болатын. Бұл жерде еуразиялық даланың ұлы аймақтары игеріліп, материалдық және рухани мәдениеттері тамыр тартты. Қазіргі таңда осынау мәдениет жетістіктері бүкіл әлемде мойындалуда», - деп О. Хората мәлім етті.

Конференция барысында «Түркі тарихындағы Қазақ хандығының рөлі», «Қазақ тілі және түркі тілдердің дамуы», «Қазақ хандығы тарихын зерттеу жөніндегі жаңа деректер» және т.б. секциялық отырыстар ұйымдастырылды.