Қазақстан Мадридтегі «FITUR» халықаралық туристік көрмесіне қатысады

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанның мүмкіндіктері Мадридтегі «FITUR» халықаралық туристік көрмесінде көрсетіледі. Бұл туралы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Мадридтегі «FITUR» халықаралық туристік көрмесіне қатысады

«2014 жылдың 22-26 қаңтарда Мадридте осы жылдың алғашқы ірі дүниежүзілік туристік іс-шарасы болып табылатын «FITUR» 34-халықаралық туристік көрмесінің ашылуы болады. Көрмеде туризм саласының әр түрлі жетістіктері көрсетіледі. Олар: соңғы үрдістер, жаңа тауарлар мен қызмет көрсетулер, оқулар, тренингтер, кеңестер, тәжірибе алмасулар, логистикалық компаниялар, демалыс пен мәдениет» делінген хабарламада.

Көрмеге қатысу және алаңды жабдықтау ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитетінің есебінен жүргізіледі. Көрмеге келушілер 5 күн бойы IFEMA көрме кешенінің залында орналасқан Қазақстан экспозицияларымен таныса алады. Көрме шеңберінде еліміздің туристік мүмкіндіктерін Астана, Алматы қалаларының, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облысының атынан өкілдік топтары көрсетеді. Қазақстандық өкілдік топтарының құрамында танымал ұлттық зергер Әлібек Берік және Қ.Байжанов атындағы «Аққу» концерттік бірлестіктері бар.

ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Иғалиевтің айтуынша, «FITUR» жобасына Қазақстанның қатысуы - елімізге туристерді тарту мақсатындағы, Қазақстанның туристік имиджін қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан мемлекеттің үлкен жұмыстарының бір бөлігі ғана. «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитеті Біріккен ұлттық стендтің шоғырландырушысы ретінде туризм саласында іскерлік байланыс орнату және еліміздің туристік мүмкіндігін таныстыруға болатын дәстүрлі көрмеге қатысты», - дейді ол.

Айта кету керек, 2013 жылы «FITUR» көрмесіне 167 елден 9 мыңға жуық компания қатысқан. Оны 100 мыңнан астам адам тамашалаған.