Қазақстан МАГАТЭ елдерінің егеменді теңдігін қалпына келтіруге тырысуда

қр сім
Фото: ҚР СІМ

Венада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (АЭХА/МАГАТЭ) Бас конференциясының 67-сессиясы өтті. Оның шеңберінде "АЭХА-дағы мүше-мемлекеттердің егеменді теңдігін қалпына келтіру туралы" Қазақстан ұсынған қарар басым көпшілік дауыспен (99-2-16) қабылданды. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қарарды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров таныстырды және оны АЭХА-ның барлық өңірлік топтарынан 99 мүше-мемлекет пен 56 тең автор қолдады.

Анықтама: қазақстандық қарардың негізгі тең авторлары: Еуропалық одақтың барлық елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Әзербайжан, Бахрейн, Канада, Мексика, Колумбия, Эквадор, Уругвай, Сингапур, Жапония, Непал, Түркия және тағы да басқа мемлекеттер.

Мәлім етілгендей, Қазақстан бастамашылық еткен қарар мүше-мемлекеттердің АЭХА-дағы қызметіне қатысты неғұрлым әділ және демократиялы тәсілдерді қамтамасыз етуіне негіз береді.

«Қазақстан агенттікте егеменді теңдікті қалпына келтіру бойынша күш-жігер шеңберінде АЭХА тарихында алғаш рет өңірлік топтарға кірмейтін 17 мемлекеттің тізімін дайындады. Бұл тізім агенттіктің 2023 жылғы 10 тамыздағы ресми құжатымен бекітілді және Словенияның төрағалығымен құрылып жатқан «Достар тобы» (Group of Friends of Arealess Member States) шеңберінде одан әрі жұмысты құруға негіз ретінде Бас конференцияның қарарына енгізілді», – делінген СІМ мәліметінде.

Қабылданған қарар мүше-мемлекеттердің өңірлік топтарда, негізгі директивалық органдарда, сондай-ақ агенттіктің тиісті консультативтік процестерінде тең өкілдік етуінің бұрыннан келе жатқан проблемасын қайта көтеруге алғашқы практикалық қадам болғаны атап өтілуде.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum