Қазақстан мамандары Израильдің алдыңғы қатарлы медицина орталықтарында біліктілігін арттырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан-Израиль сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының 7-ші отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан тарапынан Қазақтан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Израиль тарапынан Израиль Мемлекетінің Қоршаған ортаны қорғау және Иерусалим мен диаспора істері жөніндегі министрі Зеэв Элькин басқарумен өткен отырыс аясында екі ел арасында сауда, кәсіпкерлік пен инвестиция, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті және перспективалы бағыттары талқыланды.
Сондай-ақ Израиль Мемлекетінің Премьер-Министрі Б.Нетаньяхудың Қазақстан Республикасына сапары барысында екіжақты құжаттарды қол қоюға дайындау мәселелері пысықталды. Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты жандандыру, атап айтқанда қазақстандық мамандардың Израильдің алдыңғы қатардағы медицина орталықтарында біліктілігін арттыру, және Израиль мамандарының қатысуымен шеберлік сабақтарын өткізу уағдаластығына да жеткізілді.
Мұнан бөлек, Израиль тарапы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты. Атап айтқанда, «Үшқоңыр» тамшылатып суару бойынша Қазақстан-Израиль орталығын халықаралық орталыққа айналдыру, Қазақстанда демонстрациялық ферма құрылысы бойынша біріккен консорциумды құруға ерекше назар аударды.