«Қазақстан — майдан арсеналы»: Астанада тылдағы жұрттың бейнетіне арналған көрме ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы Ұлттық музейде «Қазақстан — майдан арсеналы» деген тақырыппен екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылдағы жұрттың көрген бейнетіне арналған көрме өтіп жатыр. 

«Қазақстан — майдан арсеналы»: Астанада тылдағы жұрттың бейнетіне арналған көрме ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Көрменің тақырыбы ерекше ауқымды мәселеге арналғанымен, көлемі әуел баста тым шағын көрінген. Ұлытау облысының Жезді кентіндегі музей 40-тан астам экспонатты Ұлттық музейде 1 ай бойы келушілер назарына ұсыну үшін ат терлете келген екен. Бірақ оның шағын болса да мазмұнды, бұлтартпас фактілер мен ресми құжаттарға негізделген тарихи тағлымы мол көрме екенін ішіне зер салып қарағанда ғана ұқтық.

Көрменің ашылуында сөз алған Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы Жездінің кент болып құрылу тарихынан аз-кем мәлімет айтты.

«Қазақстан – майдан арсеналы»: Астанада тылдағы жұрттың бейнетіне арналған көрме ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Соғыс жылдары бұл төңіректен үлкен марганец-жез кеніші табылғанын білесіздер. Украинадағы марганец өндірісінің ошақтарын фашистік режимге беріп қойған КСРО үшін бұл тығырықтан шығаратын тура жолдай еді. Өйткені оқ пен снарядтан қорғайтын құрыш құрсау жасау үшін марганец қажет. Сол кезде Қаныш Сәтбаевтың бастауымен Жездідегі марганец кен орны ашылып, өнімі майданға құрсаулы танк болып аттанып жатты. Осылайша қазақтың жезді даласы жеңіске өлшеусіз үлес қосқан болатын, — дейді ол.

Музей директоры қиырдағы Жездіден Астана төріне экспонат алдырғандағы мақсаттарын былай түсіндірді.

«Қазақстан – майдан арсеналы»: Астанада тылдағы жұрттың бейнетіне арналған көрме ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Жеңістің 80 жылдығына арналған көрмелер жалғасып жатыр. Өткенде ғана соғыста сұрапыл ерлік көрсеткен жерлестеріміздің өмірі мен артындағы мұрасын көрме етіп ұсынған едік. Ал бүгін соғыс жылдарында еліміздің әр ауылында, қаласында жеңісті жақындатуға қызмет еткен аға буынның бейнетті еңбегін паш ететін іс-шара ұйымдастырып отырмыз.

Қиырдағы ауылдар қорасындағы қойын, өрістегі сиыры мен жылқысын майданның жолына тосты. Буыны бекіп үлгермеген балалар зауыттарда әкелерінің орнын басып, еркінен тыс ерте есейіп жатты. Еңбегінің зейнетін көрер жасында ауыр жұмысқа қайта араласқан аталар мен әжелер қаншама?! Аналарымыз тұтас әулеттің тірегіне айналғаны да сол кез. Оның бәрі бізге тарихтан аян. Бүгінгі көрме тылдағы отандастарымыздың соғыс жолындағы ерлігіне арналып отыр, — деді Берік Әбдіғалиұлы.

«Қазақстан – майдан арсеналы»: Астанада тылдағы жұрттың бейнетіне арналған көрме ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform
«Қазақстан – майдан арсеналы»: Астанада тылдағы жұрттың бейнетіне арналған көрме ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform
«Қазақстан – майдан арсеналы»: Астанада тылдағы жұрттың бейнетіне арналған көрме ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Музейдің бір бұрышынан орын тепкен шағын көрменің ішінде артиллериялық снарядтың алып гильзалары көзге оттай басылады.

— Бұл бұрышқа заттай экспонаттармен бірге Жездіні марганец өндірісінің ошағы етіп дамытуға түрткі болған ресми құжаттар, «За медь» деген атпен жалғыз бет болып, күн сайын шығып тұрған жаршы газеттің алғашқы нұсқалары сияқты 1941-1945 жылдарды қамтитын дүниелерді ғана алып келдік. Елдің бір түкпірінде жатқан музейдің мұрасын Астана төріне алдырып, бүкіл қазақстандықтардың назарына ұсынуға мүмкіндік берген Ұлттық музей басшылығына алғысымыз шексіз, — дейді Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің басшысы Зейпін Қазанбаева.

«Қазақстан – майдан арсеналы»: Астанада тылдағы жұрттың бейнетіне арналған көрме ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform
«Қазақстан – майдан арсеналы»: Астанада тылдағы жұрттың бейнетіне арналған көрме ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Айта кету керек, биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына орай 500-ден астам көшеге елеусіз қалған қаһармандардың есімі берілмек

Соңғы жаңалықтар