Қазақстан медицинасының алдында адамның өмір сүру жасын ұзарту мен өлім-жітімді азайту міндеті тұр - сенатор С.Жалмағамбетова
АСТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Қазақстан бәсекеге қабілетті ел болуы үшін әрбір адам, әрбір маман иесі бәсекеге қабілетті болуы керек.
Бұл туралы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Светлана Жалмағамбетова мәлім етті.
Дөңгелек үстелдің тақырыбы «Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтаудың инновациялық даму мәселелері мен болашағы» болды.
«Біздің басты мақсатымыз - бәсекеге қабілетті елдердің қатарына ену. Сондықтан біздің елдегі барлық сала, соның ішінде медицина саласы бәсекеге қабілетті болуы керек», - деді С.Жалмағамбетова.
Оның атап өткеніндей, бұл мақсатқа инновациясыз қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламалар, әлеуметтік қайта жаңғырту бағдарламалары инновацияны енгізуге бағытталған. Қазақстан медицинасының алдында адамның өмір сүру жасын ұзарту мен өлім-жітімді азайту міндеті тұр.
«Дөңгелек үстелді» «Нұр Отан» ХДП мен «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ ұйымдастырған.