Қазақстан медицинасы ЖИ-стартаптарды қаншалықты қажетіне жаратып отыр

АСТАНА. KAZINFORM –Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Сайланбаев Қазақстан медицинасы ЖИ-стартаптарды қаншалықты қажетіне жаратып отырғанын айтты.

Қазақстан медицинасы ЖИ-стартаптарды қаншалықты қажетіне жаратып отыр
Фото: Азертадж

— Жалпы ЖИ-ді алғаш болып қолданысқа енгізген саланың бірі медицина болатын. Ірі тіл модельдеріне дейін рентген кескіндерді ЖИ көмегімен оқу тәжірибеге енгізілді. Қазір бізде ЖИ-ді медицинада пайдаланатын бірнеше стартап бар, — деді ол.

Цифрмин өкілі Cerebra стартабына тоқталды.

— Бұл стартап мидың кескіндеріне қарап инсультті анықтауға көмектеседі. Ал AIDENTIS стартабының көмегімен ауыз қуысына жасалған 3D-түсірілімдер арқылы диагностика жасауға болады. Қазір ЖИ дәрігерлерге ауруды анықтап қана қоймай, тезірек емдеуге көмектесетін құралға айналып келеді. Бірақ ЖИ-ге толық сеніп кетуге әлі ерте, — деді ол.

Бұған дейін NU инженері Анар Сандығұлова аутизм ерекшелігі бар балаларды жасанды интеллектіге негізделген робот терапиясы арқылы оңалту әдістемесін әзірлегенін жазған едік.