Қазақстан мектептерінде электронды кітапхана жүйесі енгізіле бастады

электронды кітап
Фото: Pexels

Ел мектептерінде кітапхана қорын толық қамтамасыз ететін «Qazaq mura» бірегей жүйесі іске қосылды. Бұл — оқушылардың кітап оқу құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік беретін жаңа бағыт. Жүйе әсіресе әдебиетке қолы жете бермейтін аймақтардағы кітапхана жұмысын біршама оңтайландырмақ. Бұл туралы платформаны әзірлеушілер тобының жетекшісі Мұқатай Мәлік айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Айтуынша, платформа Ұлттық кітап палатасымен интеграцияланған. Ол ауқымды кітап қорына тегін әрі шектеусіз қол жеткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, барлық мектептерден ақпарат жинап, нақты деректі де ұсына алады.

«Цифрлық кітапхана жүйесін дайындауға 3 жылдан астам уақыт жұмсалды. Кітапхана саласын цифрландыру қазіргі білім берудегі заманауи бағыт. Бүгінгі таңда елімізде кітапхана қоры туралы толық ақпарат жоқ. Сондықтан Қазақстанның мектеп кітапханаларының жұмысын цифрландыру мен автоматтандыру бойынша біраз жұмыс қолға алынды. Яғни, кітапханашылар ғана емес, оқырман, баспалар және білім басқармасы мен министрлік өкілдері де жүйеге қосыла алады. Платформа кітапхана ақпаратына негізделген құжат айналымы жұмысын оңтайландырып, кітапхана қорын басқаруға мүмкіндік береді», — дейді Мұқатай Мәлік.

Жоба авторы жаңа жүйе кітапханашылардың жұмысын автоматтандырып қана қоймай, «OQU» мобильді қосымшасын ұсынатынын жеткізді.

«Қазақстандық оқушыларға әлемдік классиканы тек түпнұсқасында ғана емес, сонымен қатар қазақ тілінде де тегін оқуға мүмкіндік береді. Аталмыш қосымшада әр оқушы кез келген кітапқа тапсырыс беріп, оның қорда бар-жоғын тексере алады. Цифрлық кітапхана — қала мен ауыл кітапханасын дамытуға бағытталған. Бұл өскелең ұрпақты кітап оқуға ынталандырып, мәдени мұраның сақталуына да зор септігін тигізбек», — дейді ол.

Бүгінде бұл жүйеге Алматының бірқатар мектебі қосылды.

«Жаңа жүйенің кітапханаға тигізер көмегі зор. Атап айтсам, құжаттарды пайдалануымызға және кітапхана қорын басқаруға мүмкіндік береді. Кітаптардың электронды нұсқасы бар және Оқу ағарту министрлігі ұсынған кітап тізімін қарап, еркін қол жеткізуге болады», — дейді № 19 мектептің кітапхана меңгерушісі Айнагүл Аманжолова.

Кітапхананы цифрландыру жобасы жаңа оқу жылында қазақстандық мектептерді толық қамтымақ.

Соңғы жаңалықтар