Қазақстан мемлекеттік қызмет саласында аймақтық көшбасшы болып табылады - Ә. Бәйменов
АСТАНА. 7 қараша. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік жылдары жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде Қазақстанда халықаралық сарапшылардың оң бағасын алған мемлекеттік қызмет моделі қалыптасты.
Соған орай, Қазақстан мемлекеттік қызмет саласында аймақтық көшбасшы болып табылады. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты баяндаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Әлихан Бәйменов осылай мәлім етті.
Агенттік төрағасының айтуынша, аталмыш жетістікке негіз болған факторлардың бастысы - мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттыру және мемлекеттік қызметшілерді халыққа қызмет етуге бейімдеуге бағытталған Елбасы Н. Назарбаевтың саяси жігері. «Ұсынылып отырған заң жобасына келсек, оның күретамыры мемлекеттік қызметке ең лайықты азаматтарды іріктеп, қабылдап, лауазымы жоғарылағанда олардың абыройын, біліктілігін, еңбегін ескеретін жүйені қалыптастыру. Сонымен қатар, заң жобасы «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасындағы «мемлекеттік қызмет ұлтқа қызмет етудің синонимі болуы тиіс» деген Елбасы қағидатын жүзеге асыруға бағытталған», - дейді Ә. Бәйменов.
Оның айтуынша, заң жобасында негізінен кадрларды іріктеу мен жоғарылату кезінде меритократия қағидатын күшейту, «А» басқару корпусын құру, персоналды басқару институттары мен тетіктерін жетілдіру шаралары көзделеді. Кадр қызметінің мәртебесі мен өкілеттіктерін арттыру, тәртіптік және этикалық бақылауды күшейтіп, корпоративтік мәдениетті жетідіру қарастырылады.
«Заң жобасында мемлекеттік қызметке іріктеудің мөлдірлігі мен жариялығын және әділдігін орнатуға бағытталған шаралар қамтылып отыр. Бұл ретте тестілеу нақты мемлекеттік органдардағы конкурстық іріктеуден тыс тәуелсіз өткізілетін болады. Тестілеуде алған бағасына қарай азаматтарға конкурсқа қатысуға құқық беретін сертификат тапсырылады. Бұның нәтижесінде конкурс өткізу уақыты үш есеге, яғни 15-20 күнге дейін қысқармақ», - дейді агенттік төрағасы.