Қазақстан мен АҚШ бейбіт мақсаттағы атом энергетикасын дамытады - Бозымбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен АҚШ атом энергиясын бейбіт түрде пайдалану саласында ынтымақтастықты кеңейтпек. Бұл туралы бүгін Астанада АҚШ Энергетика министрінің орынбасары Дэн Бруйллэтпен болған кездесуден кейін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«АҚШ тарапынан біздің елге жоғары деңгейде назар аударуы екі елдің арасындағыекіжақты қатынастардың тарихи ерешелігімен түсіндіріледі. Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастықта энергетикалық серіктестік бойынша бірлескен комиссияның орны айрықша. Осы орайда біз энергетикалық серіктестік деңгейінен комиссия жұмысын энергетикалық диалогқа дейіне көтереміз деп уағдаластық. Яғни бұл өз кезегінде біздің ынтымақтастықтың келесі деңгейі болады. Бұл тұрғыда түрлі салаларда тәжірибелік жобаларды іске асыруға кірісеміз», - деді Қанат Бозымбаев.
Осы орайда министр бұл диалог қай бағыттарда өрбитіндігін нақтылады.
«Қазақстан мен АҚШ бейбіт мақсаттарда атом энергиясын дамыту тұрғысында бірге жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар климаттың өзгеруі саласында қос мемлекет теңдестірілген қадамдарды ұстанады. Бұл ретте инновацияларға қолдау жасалып, парник газдарымен ластайтын шығарындыларды төмендетуге мән беріледі. Мұнымен қоса, экономиканы дамытуға және біздің энергиялық қауіпсіздікке ықпал ететін қадамдар ескеріледі. Біздің диалог атом энергиясын бейбіт түрде пайдалануға, көмірқышқыл газы көлемін қысқарту, энергетикалық жүйенің тұрақтылығына, энергетикалық нарықтарды кеңейтуге, сондай-ақ ядролық қаруды таратпау мен қауіпсіздік секілді маңызды бағыттардың айналасында шоғырланады», - деді Қанат Бозымбаев.
ҚР Энергетика министрі АҚШ-қа сапармен баратын атап өтті.
«АҚШ Энергетика министрінің орынбасары Бруйллэтт Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының стратегиялық энергетикалық диалогын ресми түрле іске қосу мақсатында мені Вашингтонға шақырды. Біз ынтымақтастықты кеңейту бойынша жұмыс жоспарын 2018 жылы бекітеміз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар