Қазақстан мен АҚШ Орталық Азиядағы қылмыспен күресте ынтымақтастықты нығайтуға ынталы
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары бойынша орынбасары Сара Сьюэллдің кездесуінде тараптар түрлі мәселелер бойынша, әсіресе, терроризм және экстремизммен күрес бойынша пікір алмасты.
Иоган Меркель прокурорлардың қылмыстық сот ісін жүргізуде адам құқықтарын қорғауды ерекше назарда ұстайтынын атап өтіп, прокуратура органдары қызметінің негізгі бағыттары, заңдылық пен құқықтық тәртіппен қамтамасыз ету үшін жасалатын шаралар жайлы хабардар етті, деп хабарлады, ҚР Бас Прокуратурасының баспасөз қызметі.
Кездесу қатысушылары екіжақты ынтымақтастық мәселелері, әсіресе, терроризм және экстремизммен күрес, құқық қорғау саласындағы сарапшылар мен озық тәжірибе алмастыруды іске асыру бойынша пікір алмасты.
Кездесу барысында тараптар қазіргі әлемдегі қауіп-қатерге қарсы тұру үшін, қылмысқа қарсы күрес бойынша аймақтық мәселелерді шешуде ортақ көзқараста болу үшін екі елдің құзіретті органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық білдірді.