Қазақстан мен АҚШ су саласында күш біріктіреді: Аризона университетімен жаңа қадам

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Аризона университеті су ресурстарын басқару, гидрологиялық модельдерді дамыту және мамандар даярлау бағытындағы ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеп жатыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті. 

Қазақстан мен АҚШ су саласында күш біріктіреді: Аризона университетімен жаңа қадам
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Аризона университеті (ASU) ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеп жатыр. Құжат аясында қазақстандық мамандарға арналған бірлескен семинарлар, оқу курстары мен тағылымдамалар ұйымдастыру, еліміздің ерекшеліктерін ескере отырып, гидрологиялық модельдерді әзірлеу және бейімдеу, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстарын тұрақты басқару саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру көзделген. Еске салайық, биыл Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелламен кездесіп, ықтимал ынтымақтастық бағыттарын талқылаған болатын.

— Біз кадрлар даярлау және жұмыс істеп жүрген мамандардың біліктілігін арттыру саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым ашықпыз. Мәселен, Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті Венгрияның жетекші жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Ал министрлікке қарасты ұйымдар Қытай, АҚШ және Нидерланд мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейді, — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Аризона университеті Қазақстанда М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында жұмыс істейді. Бұл жоғары оқу орындары бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, бірқатар ғылыми-зерттеу жобаларын іске асырып келеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Ресей трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану мәселеcін талқылады.