Қазақстан мен АҚШ-тың әскери инженерлері бірлескен жаттығулар өткізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары Қарулы Күштері делегациясының кездесуі барысында минасыздандыру жұмыстарын дамыту аясындағы ынтымақтастық мәселесі талқыланды. Екі елдің мамандары Қазақстан Қарулы Күштерінің минасыздандыру орталығы мен «Берег» оқу-жаттығу орталығын дамытуға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті, деп хабарлайды еліміздің Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, аталмыш салада ақпараттық, әдістемелік және оқу-материалдық базаны жетілдіру аясында екіжақты ынтымақтастық мәселелерін келісті. Сонымен бірге, тараптар жерді тазалау, қауіпті жарылғыш заттар мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларға қарсы тұру тақырыбы бойынша дайындық әдістемесін әзірлеу бойынша нұсқаушылар мен мамандарды оқып-үйрету қажеттілігі мәселелерінде ортақ пікірге келді.
Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы Күштері инженерлік әскерлерінің әскери қызметшілерін АҚШ Қарулы Күштерінің оқу-жаттығу орталықтарына оқуға жіберу, сондай-ақ, бірлескен сабақтар мен жаттығуларды өткізу үшін екі елдің нұсқаушыларын тарту бойынша уағдаластық әзірленуде.
Қосымша ҚР ҚК Минасыздандыру орталығының кинологиялық қызметін дамыту жөнінде позициялар әзірленуде.