Қазақстан мен әлем кинопремьералары: аптадағы басты туындылар
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл аптада кинотеатрлар көрерменге түрлі жанрдағы жаңа фильмдерді ұсынады. Қазақ комедиясынан бастап психологиялық триллер, қорқынышты фильмдер мен отбасылық шытырман оқиғаларға дейінгі туындылар прокатқа шықты.
ХОТЯ БЫ КИНОДА 4 6.9⭐️
Жанры: комедия
Ұзақтығы: 90 минут
Ел: Қазақстан, 2026
Режиссер: Ернар Нұрғалиев
Түрмеден шыққан Қайрат отбасынан айырылып, балаларымен байланысын үзеді. Бірақ оған бәрін өзгертуге мүмкіндік беріледі. ҚҰҚК оны Вьетнамда жасырынған қылмыстық авторитет Абданды Қазақстанға жеткізу операциясына жібереді. Оның серіктесі — кезінде өмірін ойрандаған Жанар. Операцияға сүйіктісінің өлімі үшін кек алғысы келетін Ербол да қосылады.
Алайда Вьетнамда олардың жеке мақсаттары жоспарды бұза бастайды: Ербол операцияны сәтсіздікке ұшыратса, Жанар ақша үшін сатқындыққа барады. Шешуші сәтте Абданның әйелі араласып, оқиға күтпеген бағытқа өзгереді.
ЖЫНДЫ (Псих) 8.0⭐️
Жанры: триллер
Ұзақтығы: 75 минут
Ел: Қырғызстан, 2026
Режиссер: Белек Тургунов
Анасын асырап жүрген қарапайым қыз Алтынай өзінің тыныш өмірін психикасы тұрақсыз сталкер аңдып жүргенін білмейді. Бір сәтте мазасыз махаббат мұқият жоспарланған адам ұрлығына айналады.
ХОКУМ 6.5⭐️
Жанры: қорқынышты кино
Ұзақтығы: 101 минут
Ел: Ирландия, БАӘ, АҚШ, 2026
Режиссер: Дэмиэн Маккарти
Жазушы Оум ата-анасының күлін шашу үшін Ирландиядағы тыныш қонақүйге келеді. Алайда ол жерде қонақүй қызметкері Фионаның із-түзсіз жоғалып кеткенін біледі. Оны іздеу кезінде Оум «бал айына арналған люкс» деп аталатын құлыптаулы бөлме туралы естиді. Жергілікті жұрт ол бөлмеде сиқыршы өмір сүреді деген қауесет айтады.
МОРТАЛ КОМБАТ 2 8.6⭐️
Жанры: атыс-шабыс, қиял-ғажайып
Ұзақтығы: 116 минут
Ел: АҚШ, 2026
Режиссер: Саймон Маккуойд
Жер патшалығының чемпиондары Джонни Кейджбен бірге Шао Канның қараңғы билігіне қарсы шайқасқа шығады.
ФЛАВИЯ. ЖАС ДЕТЕКТИВ 7.0⭐️
Жанры: детектив, шытырман оқиға, комедия, отбасы
Ұзақтығы: 92 минут
Ел: АҚШ, Ұлыбритания, 2026
Режиссер: Бхарат Наллури
Жас детектив Флавия де Люс ересектердің жасырған құпияларын байқап қоятын ерекше қабілетке ие. Отбасында кісі өлімі болып, оның әкесі күдікке ілінген кезде, Флавия тергеуді өз қолына алады. Осылайша ол жұмбақтарды ашып, отбасының құпияларын біле бастайды.
СИҚЫРЛЫ АҒАШҚА ӨРЛЕУ
Жанры: шытырман оқиға, қиял-ғажайып, отбасы
Ұзақтығы: 110 минут
Ел: Ұлыбритания, 2026
Режиссер: Бен Грегор
Қаладан ауылға көшкен отбасы жаңа өмірге бейімделуге тырысады. Бір күні отбасының кенже баласы орманда алып ағаш тауып алып, оның ұшар басындағы Сиқырлы Патшалыққа тап болады. Мұнда шоколадты үйлер, тілектерді орындайтын ғажайыптар мен ертегі кейіпкерлері өмір сүреді.
Алайда отбасының үлкен қызы әлеуметтік желісіз өмірге шыдай алмай, қалаға оралуды армандайды. Ал әжесі орманды жоюға дайын болады. Оларды тек нағыз ғажайып қана тоқтата алады.
ПИНГВИН ПОРОРО. ТӘТТІЛЕР ӘЛЕМІНДЕГІ ШЫТЫРМАН ОҚИҒАЛАР
Жанры: шытырман оқиға, мультфильм
Ұзақтығы: 67 минут
Ел: Оңтүстік Корея, 2025
Режиссер: Чхон Ю-рим
Пороро пингвині мен оның достары десерттер патшалығындағы тәттілер байқауына барады. Бірақ айлакер зұлым мерекені бұзып, бәрін қара шоколадқа айналдырмақ болады. Ертегілер әлемін құтқару үшін Пороро командасы сиқырлы ингредиентті Sweet Treat Castle орталығына жеткізуі тиіс.
Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.