Қазақстан мен Армения арасында тікелей әуе рейстері қайта ашылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Армения арасында тікелей әуе рейстері ашылуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
- Біз ол жаққа темекі өнімдерін, трансформаторлар, ферроқорытпалар, металл бұйымдары мен металпрокат жеткіземіз. Олар бізге жеміс- жидек пен көкөністер, сондай-ақ темекі өнімдерін, әлемге кеңінен танымал армян коньягын жеткізеді. Сауда айналымы шын мәнінде үлкен емес - 82 млн АҚШ доллары. Бірақ 2020 жылмен салыстырғанда 6 есе өскен. Бір кезеңдері сауда айналымы бұдан да жоғары болған. Ол Армениядан бізге көліктердің көп келуімен байланысты еді. Өте танымал болды. Бұл уақытша шара еді. Себебі бізде автомобиль өндірісі өте белсенді түрде дамып келеді, - деді ол Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар вице-премьер жақында үкіметаралық комиссияның 11-отырысын өткізген, Қазақстан тарабы Арменияға 348 млн долларға тең тауар ұсынғанын атап өтті. Мұнан бөлек, елімізге армян бизнесмендерінің бір тобы келетінін, олармен бірлескен кәсіпорындар ашу мәселесі талқыланатынын айтты.
- Егер Армения біздің батыс өңірлерімізді жеміс-жидпекпен және көкөніспен қамтамасыз ете алса, бұл біз үшін өте тиімді болар еді. Ең бастысы – бізде бұрын тікелей әуе рейстері болған, қазір уақытша тоқтаттық. Себебі Ереван әуежайындағы қызмет көрсету өте қымбат, бір адамға 65 доллар, бір тонна авиакеросин 1 248 доллар тұрады. Қазір оны қандай да бір жолмен субсидиялау мәселесі қаралып жатыр. Мұндай шарттармен SCAT-та, FlyArystan-да рейстерді қайта ашуға дайын, - деді Серік Жұманғарин.
Естеріңізге сала кетсек, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян ресми сапармен Астана қаласына кеше келді.
Осыдан біраз уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөз жүргізді.