Қазақстан мен Әзербайжан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына - 25 жыл

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың 27 тамыз күні Қазақстан мен Әзербайжан арасында дипломатиялық қарым-қатытнас орнағанына 25 жыл толды.

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылдың тамыз айынан басталады. 2004 жылы наурыз айында Әзербайжан президенті Ильxам Әлиевтің Астанаға сапары, 2005 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжан еліне мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынасқа жаңа серпін берген болатын.

Осы ширек ғасыр ішінде екі ел экономикалық өсу мен әлеуметтік-саяси тұрақтылыққа қол жеткізіп, көршілік қарым-қатынасты ұстанып келеді.

Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас 2005 жылы қол қойылған Стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынас туралы келісім негізінде жүзеге асуда. Екі елдің президенттері ұдайы екіжақты кездесулер өткізіп, түрлі халықаралық алаңдарда жиі кездесіп тұрады. Сәуір айының басында Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжанға ресми сапары өтті. Сапар барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық пен достық қатынасты дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін «Гейдар Әлиев» орденімен марапатталды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжанға жасаған ресми сапары аясында екі елдің үкіметтері арасында түрлі салалар бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылған еді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Ильхам Әлиев Қазақстан мен Әзербайжан мемлекет басшыларының бірлескен декларациясына қол қойды. «ҚТЖ» ҰК АҚ мен «ӘТЖ» ЖАҚ арасында логистика мен теміржол транспорттық машина жасау саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Екі елдің сыртқы саясат ведомстволары 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын рәсімдеді. Сонымен қатар, 1996 жылдың 16 қыркүйегінде табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық төлеуден жалтаруға қосарланған салық салудың алдын алу және болдырмау үшін Қазақстан мен Әзербайжан үкіметтері арасындағы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР және ӘР Үкіметтері арасындағы хаттамаға қол қойылды. Сонымен қатар, карантин және өсімдіктерді қорғау саласындағы ынтымақтастық пен халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімдер рәсімделді.

Әзербайжан парламентінің депутаты, саясаттанушы Расим Мусабеков ҚазАқпарат тілшісіне айтулы дата жайлы пікір білдіре отырып, «Қазақстан Әзербайжан үшін туысқан ел және туысқан халық. Бүгін екіжақты дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толып отыр, алайда біз Қазақстанмен бұрыннан бері дипломатиялық байланыста болған секілді сезініп отырмын. Қазақстан Әзербайжан үшін Азия мен Алыс Шығысқа, сондай-ақ Әзербайжан Қазақстан үшін Батысқа шығатын қақпа іспеттес» екендігін жеткізді.

Белгілі әзербайжандық сарапшы және саясаттанушы Тофик Аббасов: «Қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуы - бұл тек екі елдің өміріндегі ғана емес, сондай-ақ біздің посткеңестік кеңістіктің тарихындағы, біздің тәуелсіздігіміздің тарихындағы маңызды сәт болып табылады, себебі біз қиын кезеңдерді бастан өткердік», - деп өз пікірімен бөлісті.

Бүгінде біздің елімізде әзербайжандық  капиталдың қатысуымен 700 компания жұмыс істеп тұр. Екі ел арасындағы келісімдік-құқықтық база бойынша түрлі саладағы 60 құжатқа қол қойылған. Тараптар түрлі халықаралық ұйымдар аясында өзара қарым-қатынас жасасуда. 

Соңғы жаңалықтар