Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 56 пайызға өсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кавказ аймағында Әзербайжан Республикасы Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Екіжақты тиімді қарым-қатынасты одан ары күшейте түсуде қазақстандық-әзербайжандық үкіметаралық комиссияның жұмысы маңызды болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2017 жылы комиссия сауда-экономикалық ынтымастық бойынша 2018-2020 жылдарға арналған жол картасын қабылдаған болатын. Жол картасының жүзеге асырылуы екі елдің арасындағы тауар айналымының айтарлықтай өсіміне негіз болған. 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы өткен жылға қарағанда 56 пайызға өскен. Тарқата айтқанда, 2017 жыл бойы екі елдің арасындағы тауар айналымы 142,1 млн АҚШ доллары болса, 2018 жылдың алғашқы 7 айының өзінде тауар айналымы 142 млн АҚШ долларына жетіп қойған. Салыстыра кетсек, мәселен Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы 40 млн АҚШ доллары болса, Қазақстан мен Арменияның арасындағы тауар айналымы бар-жоғы 6 млн АҚШ долларын құрайды.

Мұндай жоғары көрсеткішке екі жақтағы мемлекеттік құрылымдардың күш салуы мен кәсіпкерлерінің белсенділігі, екі елдің де экономиканың мұнайдан тыс даму даңғылына ден қоюы себеп болып отыр. Нақтырақ айтқанда, Әзербайжан Астанада «Alstom» француз компаниясының қатысуымен ашылған «Электровозқұрастыру зауыты» ЖШС зауытынан 50 электровозға тапсырыс берген. Өз кезегінде Әзербайжан Республикасының Экономика министрлігі Қазақстанның бірнеше қалаларында сауда үйлерін ашуды көздеуде. Себебі, жеңіл өнеркәсіпке ден қойған әзербайжандық кәсіпорындар жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдерді шығарып жатыр.

Сондай-ақ, қос тарап барлық саламен бірге, туризмде де ынтымақтастықты барынша дамытуға тырысуда. Мәселен, 20 қыркүйек күні Алматыда қазақстандық-әзербайжандық туристік форум ұйымдастырылады. Ол жиында әзербайжандық және қазақстандық қонақ үй бизнесінің флагмандары таныстырылып, екі елдің туристік ынтымақтастығы талқыланады.

Соңғы жаңалықтар
telegram