Қазақстан мен Әзербайжан бір жылдағы ынтымақтастық нәтижелерін қорытындылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел Әзербайжан Президентінің көмекшісі, Президент Әкімшілігінің сыртқы саясат мәселелері жөніндегі бөлім меңгерушісі Хикмет Гаджиевпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі ҚР-ның Бакудегі елшілігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар өткен жылдағы екіжақты ынтымақтастықтың қорытындыларын шығарып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды талқылады.
Әлім Байел Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға алты рет сапармен барса, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға бес рет келген.
Кездесу кезінде 2025 жылғы 8 тамызда Әзербайжан мен Армения арасындағы көпжылдық қақтығыстың аяқталғаны ерекше атап өтілді. Тараптар бейбіт реттеу туралы Декларацияға қол қойылғанын, ал Қазақстан 2024 жылы әзербайжан-армян келіссөздеріне алаң ұсынып, бейбіт үдеріске өз үлесін қосқанын айтты.

Сондай-ақ соңғы 30 жылда алғаш рет Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға жіберілген жүктің символдық әрі практикалық маңызы атап өтілді. Аталған жүк — қазақстандық бидай болды.
Тараптар өңірлік коммуникацияларды одан әрі жандандырудың маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстанның қолдауымен Әзербайжан Орталық Азия елдері басшыларының саммиттері форматына толыққанды қатысушы ретінде қосылғаны айтылды. Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның C5+АҚШ форматындағы қатысуын қолдайтынын мәлімдеген болатын.
Кездесу соңында бірлескен инвестициялық қорды пайдалана отырып, экономикалық және өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету, сондай-ақ көлік-логистика және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту қажеттігі атап өтілді.
Бұдан бөлек, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде Қазақстан мен Әзербайжанның Еуразия кеңістігіндегі жаңа геосаяси және геоэкономикалық архитектураны қалыптастыруға қатысуы талқыланды.
Бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжан арасында бірқатар келісімнің бекітілгені хабарланған болатын.
Сондай-ақ Әзербайжан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында түрлі сала бойынша 15 құжатқа қол қойылғаны айтылған.