Қазақстан мен Әзербайжан мұнай-газ саласында бірлескен кәсіпорын құрмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Әзербайжан мұнай-газ саласында бірлескен кәсіпорын құрмақ. Бұл туралы бүгін Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 15-отырысы алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Әзербайжан Энергетика министрі Пярвиз Шахбазов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мұнай-газ өнеркәсібі саласын алатын болсақ, бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Өйткені, Әзербайжан Қазақстан сияқты мұнай-газ өнеркәсібін дамытуда мол тарихқа ие. Бүгінде Қазақстан мұнай мен газ өндіру саласындағы ірі жобаларға ие және біз өзара тиімді шарттармен бірлескен кәсіпорын құру арқылы кіш-жігерімізді біріктіре аламыз», - деді ол.
Сонымен қатар Әзербайжан министрі екі елдің арасында ауыл шаруашылығын дамытуға да мүмкіндігі бар екенін баса айтты.
«Біз жақсы жүмыс істедік. Әзербайжанға астық жеткізудің есебінен тауар айналымы өсті. Жалпы, Әзербайжан ауыл шаруашылығы дамыған ел саналады және біз Қазақстанға көптеген өнімдер жеткізе аламыз. Сондықтан бұл саладағы қызметімізді одан ары жалғастыруға уағдаластық. Туризм саласын дамыту, Каспий теңізінде жаңа круиздер ұйымдастыру мүмкіншілігі, екі елдің арасындағы визалық режимді жеңілдету мәселелерін қарастырдық», - деді П.Шахбазов.
Өз кезегінде Қазақстанның Энергетика министрі Қанат Бозымбаев еліміздің аумағында әзербайжан капиталының қатысуымен мұнай құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салу мәселесі талқыланып жатқанын айтты.
«Сонымен қатар, Ақтауда сұйытылған газ өндіретін зауыт құрылысын қарастырып жатырмыз. Өнім одан ары Әзербайжанға экспортталады. Бұл мәселе бүгінгінің күнтәртібінде тұр. Қазіргі уақытта бұл мәселені жан-жақты талқылап жатырмыз», - деді Қанат Бозымбаев.
