Қазақстан мен Әзербайжан сараптама-аналитика саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ
Жиынға Әзербайжан халықаралық қатынастарды талдау орталығының басшылығы, депутаттар, мемлекеттік органдар өкілдері, сондай-ақ екі елдің жетекші талдау орталықтарының басшылары мен сарапшылары қатысты.
Күн тәртібінде бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Еркін Тұқымов екі елдің басшылығы мен мемлекеттік органдарына нақты практикалық ұсыныстар әзірлеу үшін ғылыми-сараптама бағытында ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.
«Ең алдымен, Әзербайжан Қазақстан үшін маңызды одақтас, Оңтүстік Кавказ аймағындағы маңызды стратегиялық әріптес. Экономиканы әртараптандыру және көлік-коммуникациялық әлеуетті кеңейту мәселесі екі ел үшін де өзекті», - деді ол.
Ал Әзербайжанның халықаралық қатынастарды талдау орталығының басқарма төрағасы Фарид Шафиев 30 жыл ішінде Нұр-Сұлтан мен Баку екіжақты қарым-қатынастарды стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін нығайтқанын айтты.
Қазіргі геосаяси жағдай өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Әзербайжанның көлік хабы ретіндегі әлеуетін күшейтуге болады. Қазірдің өзінде әртүрлі бюрократиялық процедураларды жеңілдету шаралары пысықталып жатыр.
Шарада екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтың келешегіне, соның ішінде қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғалымдар мен зерттеушілердің қысқа мерзімді сапарларын ұйымдастыру, сондай-ақ ғылыми еңбектерді бірлесіп басып шығару мәселелері талқыланды.
Тараптар Бакуде өтетін екінші кездесуге дейін сараптама-аналитика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.