Қазақстан мен Әзербайжан жүк тасымалы бойынша Еуропа мен Азияның арасындағы көпірге айналды
БАКУ. ҚазАқпарат - Бүгін Бакуде БАҚ үшін баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Бейбіт Исабаев екі елдің саяси, сауда-саттық және экономикалық қарым-қатынасының нығайып келе жатқанын айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Әзербайжандағы тілшісі.
Елші Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылдың 30 қазанында өтетін Баку-Тбилиси-Карс (БТК) темір жол магистралінің ресми түрде ашылу салтанатына қатысатынын атап өтті.
«БТК-ны Қытайдан Қазақстан арқылы Әзербайжан, Грузия, Түркия, одан ары Еуропаға жол тартатын негізгі Халықаралық Транскаспийлік көліктік бағдардың (ХТКБ) магистралі деп айтуға болады. БТК-ның ашылуы - ол тарихи оқиға. Шынында да, ауқымды жоба Ұлы Жібек жолы бойындағы Азия мен Еуропа елдерінің транзиттік және көліктік қарым-қатынасына тың серпін береді», - дейді елші.
Дипломаттың айтуына қарағанда, алғашқы 82 контейнердің екі эшалоны Қытай мен Қазақстанға шығып та қойған.
«Біздің құрам қазақстандық бидайды Түркияның Мерсин портына апара жатыр. Қазіргі уақытта қазақстандық көмірді Румынияға жіберу жұмысы талқылануда», - дейді ол.
Сонымен қатар, ҚР Кавказ маршрутының да логистикасын, транзиттік және көліктік әлеуетін арттыруға, оның жаңғыртылуына күш салып жатыр. Осыған байланысты, Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының жеткізілуі тұрғысында Қазақстан маңызды рөл атқарады.
«Өткен жылдан бері ХТКБ Беларусь, Латвия, Литва, Түркия, Болгария, Румыния, Молдова, Грузия, Финляндия және Әзербайжан елдері енетін «Викинг» контейнерлік пойызына қосылды. Осылайша, біздің елдеріміз өз аумағындағы транзиттік және көліктік әлеуетті арттыруға ден қойып келеді. Бұл екіжақты экономикалық серіктестікті бекіте түседі», - дейді ол.
Елшінің сөзіне сәйкес, ағымдағы жылдың 9 айы бойынша екі елдің темір жол көлігі арқылы өзара жүк тасымалы 1,5 млн тоннаға жеткен. Бұл өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен алып қарағанда 146 пайызға артық көрсеткіш. Жылдың соңына дейін бұл сандар 2-2,5 млн тоннаға дейін жетеді деп көзделіп отыр. Транзиттік тасымал бойынша ҚР мен АР арасында айтарлықтай өсім бар. Бұл көрсеткіш жаңа дәліздің маңыздығлығын одан ары дәлелдей түседі.
«Бүгінгі күні Қазақстан мен Әзербайжан жүк тасымалы үшін Еуропа мен Азияның арасындағы «транзиттік көпірге» айналды деп айтуға әбден болады», - дейді дипломат.
Оның айтуына қарағанда, БТК жобасын іске асыруда қазақстандық көлік құрау өнімдері қолданылған.
«Әзербайжандағы негізгі темір жол магистральдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін Ақтөбедегі рельсбелағаштық зауыттың өнімі пайдаланылды. Жаңа дәліздің тың аумақтарында қазақстандық «Локомотив құрастыру зауыты» мен «Электровоз құрастыру зауытының» тепловоздары мен электровоздары қолданылады. Қазіргі уақытта 10 тепловоз жұмыс істеп тұр. 2020 жылға дейін 40 жүк тасымалдайтын электровоз жеткізіледі. Қазақстандық электровоздардың алғашқы екеуі 2017 жылдың соңына дейін, 24-і 2018 жылы, 14-і 2019 жылы әкелінеді», - дейді Б.Исабаев.
Белгілі болғанындай, 2016 жылдың қорытындысы бойынша ҚР мен АР арасында тауар айналымы 7,9 пайызды көрсетсе, 2017 жылдың 9 айы бойынша бұл көрсеткіш 12-15 пайыздық деңгейге дейін жеткен.
Брифинг соңында Б.Исабаев Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы үйлестірілген әрі тиімді транзиттік және көліктік серіктестік алдағы уақытта екі елдің экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктерді ашатынын мәлім етті.