Қазақстан мен Әзербайжанның тауар айналымы 2 есеге артты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Әзербайжан Республикасының Энергетика министрі Парвиз Шахбазовтың екіжақты кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кездесу барысында ведомство басшылары сауда, инвестиция, экспорттық операциялар сияқты салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Жеңіс Қасымбек 2017 жылдың сәуірінде Мемлекет басшысының Әзербайжанға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізген уағдаластықтардың сәтті жүзеге асырылуын атап өтті. Нақты айтқанда, екі ел арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың алғашқы 8 айында 2 есеге артып, 168 млн АҚШ долларын құрады (2017 жылдың осындай кезеңі - $ 81,5 млн)», - делінген ҚР ИДМ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Өз кезегінде Парвиз Шахбазов үкіметаралық комиссияның кездесулерін, әртүрлі саладағы серіктестермен қарым-қатынас орнату және екі елдің іскер топтарының жиындарын ұйымдастыру арқылы қатынастарды тереңдетудің маңыздылығына тоқталды.
Атап айқанда, 2018 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сыртқы сауда айналымы 168,1 млн АҚШ долларын құрап, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,3 пайызға өскен. Есепті кезеңде Қазақстаннан Әзербайжанға экспорт 134,6 млн АҚШ долларына жетті.
2018 жылдың аталған мерзімінде Әзербайжаннан Қазақстанға импорт 33,5 млн долларды құрады. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 75,7 пайызға (19,1 млн доллар) артық.