Қазақстан мен БАӘ арасында қандай келісімдерге қол қойылмақ

АСТАНА. KAZINFORM - Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр Жаслан Мәдиев Абу-Дабидің Тақ мұрагерінің елімізге сапары аясында Қазақстан мен БАӘ арасында қандай келісімдерге қол қойылатынын айтты.

бизнесмен, инвестор, договор, сотрудничество
Фото: freepik.com

- Бүгін бірнеше келісімге қол қоямыз. Біріншісі – Қазақстанда суперкомпьтер кластарын салу. Бұл NVIDIA чиптері базасындағы өңірдегі бірінші үлкен суперкомпьтер болмақ. Аталған суперкомпьютер жасанды интеллект модельдерін жаттықтырып, стартаптар үшін де пайдалы бола алады. Өйткені, олардың өнімдері жасанды интеллект немесе жасанды интеллект саласындағы стартаптар базасы негізінде әзірленген. Сонымен қатар университеттер өздерінің зерттеу жұмыстарына да пайдаланады, - деді ол Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, екінші келісім Smart City Astana жобаларын қолдау үшін елордада Деректерді өңдеу орталығын салуды көздейді. Орталық құрылысы биыл басталмақ.

- Үшінші бағыт – биыл Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығында Ситуациялық орталықты іске қосу. Онда бизнес, мемлекет және ғылым коллаборациясы жүзеге асырылады, - деген министр рәсімделетін келісімдер сомасы 250 млн долларға жуықтайтынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Абу-Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянды қарсы алғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар