Қазақстан мен БАӘ арасында өзара құқықтық көмектер көрсету туралы келісім қабылданды
АСТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмектер көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.
Аталған келісімге 2009 жылы 16 наурызда Әбу Даби қаласында қол қойылған. Келісім қылмыстарды тергеуде ақпарат алмасу және құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері құзыретті органдарының арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін белгілеуге бағытталған. Құжаттың ережелеріне сәйкес, тараптар қылмыстық істер бойынша іс жүргізу әрекеттерінде бір-біріне өзара көмек көрсете алатын болады. «Келісім қылмыстық іс бойынша дәлелдемелерді жинау үшін қажетті процессуалдық әрекеттердің кешенін көздейді. Мәселен, Әмірліктердің аумағында куәлерден жауап алу жөнінде заттарды, құжаттарды және басқа да заттай дәлелдемелерді сұрату, қылмыстық жолмен алынған мүлікке және табысқа тыйым салу, оларды алып қою жүзеге асатын болады. Бұл құжатты қабылдау елдеріміз арасындағы қылмыспен күрестегі ынтымақтастықтың тиімділігін арттырады», - дейді ҚР Бас прокурорының орынбасары Нұрмаханбет Исаев.
Жалпы алғанда аталған Заң қылмыстық істерді тергеудің тиімділігін арттырып, кінәлі адамдарды қылмыстық жауапқа тартуды да жоғарылатады.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.