Қазақстан мен БАӘ арасындағы келісім сол елде бой тасалап жүрген А. Мешімбаеваны тезірек қайтаруға септігін тигізеді

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданған соң журналистерге берген сұхбатында ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель осылай мәлім етті.
«Біз қазіргі күні БАӘ-ға қажетті құжаттарды жолдадық. Сондықтан Араб Әмірліктері біздің осы келісімді ратификациялауымызды күтіп отыр десе де болады. Ал бұдан кейінгі мәселе шапшаң шешіледі: оны полиция ұстап, бізге хабарланады, сосын біздің өкіліміз оны елге әкеледі», - деді И. Меркель журналистерге берген сұхбатында. Оның айтуынша, ендігі күні айыпталушы А. Мешімбаеваға әділсот төрелігінен қашып құтылу оңайға соқпайды.
Естеріңізге сала кетейік, статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаева мемлекет қаржысын жымқырды деп айыпталып, оған қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша келтірілген залал 758 млн. теңге шамасын құраған болатын. Кейіннен статагенттіктің бұрынғы басшысына халықаралық іздеу жарияланып, кейбір мәліметтер бойынша оның БАӘ-да жүргені белгілі болған еді.