Қазақстан мен Беларусь арнайы операциялар күштерінің қызметкерлері Нұрсұлтан шыңына шықты
Екі апта бойы екі елдің әскери қызметшілері «Көктал» оқу полигонында және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің тау дайындығы орталығында шартты заңсыз қарулы құралымдарды іздеу және жою бойынша бірлескен іс-қимылдарды пысықтады.
«Оқу-жаттығу барысында тәжірибелі қазақстандық нұсқаушылардың басшылығымен Беларусьтің арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің жеке құрамы тау кедергілерін еңсеру техникасын, тактикалық тәсілдерді орындауды және таулы жерлердің күрделі жағдайларында жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізуді игерді», - деп атап өтті оқу-жаттығу басшысы полковник Айдар Слямгалиев.
Жетісу облысындағы «Көктал» оқу полигонында арнайы операцияны бірлесіп жоспарлау және барлау әрекеттерін жүргізу әдістемесін әзірлеу мәселелері пысықталды. Әскери қызметшілермен артиллерия мен әскери авиацияның ұшуын, атысын ұйымдастыруға арналған практикалық сабақтар өткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, өткізілген халықаралық тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар тау даярлығын жетілдіруге және арнайы мақсаттағы бөлімшелер жеке құрамының жауынгерлік дағдысын арттыруға бағытталған болатын.
Оқу-жаттығу еліміздің ең биік шыңдарының бестігіне кіретін Нұрсұлтан шыңына шығумен аяқталды. Екі елдің ерекше көзге түскен әскери қызметшілеріне «Қазақстан альпинисі» төсбелгісі табысталды.
Фото : gov.kz