Қазақстан мен Беларусь блокчейн саласында меморандумға қол қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ТИБО - 2018» халықаралық телекоммуникациялық  көрмесін өткізу аясында Қазақстан-Беларусь компаниясы мен Беларусь блокчейн қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум екі елдің мамандарының жаңа технологиялар саласында тәжірибе алмасуларына мүмкіндік береді. Бұл туралы Astana Hub IT-паркінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан мен Беларусь блокчейн саласында меморандумға қол қойды

«Бұл көпұлттық технология. Блокчейн технологиясы мен криптовалюталық әлем негізінде тиімді шешімдер қабылдап, тәжірибе, кадр алмасу үшін осы меморандум жасалды», - деп пікір білдірді Үлестіру тізілімі технологиялар қауымдастығының директоры Станислав Баськов.

Беларусь Республикасы №8 декретінің арқасында блокчейн-жобалардың, майнинг пен криптовалютаның қызметін заңдастырды. Қол қойылған келісім қазақстандық мамандардың блокчейн мен криптовалюта әлеміндегі Беларусь тәжірибесін қолдануына мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда Беларусь Республикасының блокчейн-технологияларды реттеу және заңнамаларды қолдану бойынша тәжірибесі мол. Біз бұл жерден өзара ынтымақтастық үшін серіктестер, достар, әріптестер, инвесторлар және қызметкерлер тапқымыз келеді», - деп атап өтті Digital Contracts Group компаниясының өңірлік өкілі Сергей Соловеткин.