13:50, 22 Қазан 2015 | GMT +5
Қазақстан мен Беларусь киногерлері партизан Әди Шәріпов туралы көркем фильм түсіреді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Беларусь киногерлері партизан Әди Шәріпов туралы көркем фильм түсіреді. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан ТМД-ға қатысушы елдердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің 10-шы форумы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген еліміздің Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

«Біз форум аясында маңызды келісімдерге қол қоямыз. Мәселен, 2016 жылы Беларусь Республикасымен бірлесіп, партизан, Қазақстанның көрнекті қайраткері Әди Шәріпов туралы көркем фильм түсіреміз. Ол сонау қиын-қыстау 40-шы жылдарда Беларусьта партизан болған еді», - деді министр.
А.Мұхамедиұлы бүгінгі шараның маңыздылығына да тоқталып, мұндай басқосуларда ТМД-ға қатысушы елдердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері бірлесе атқаратын негізгі бағыттар айқындалатындығын айтты. «Біз қазір форум аясында әр мемлекетпен жеке-жеке меморандум рәсімдейміз. Өйткені, атқаратын істің барлығын бірлесіп жасауға тиіспіз», - деді ол.