Қазақстан мен Болгария арасындағы әуе қатынасы кеңейеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Қазақстан мен Болгарияның авиациялық билік органдары арасында ресми келіссөздер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Болгария Республикасының Көлік, ақпараттық технологиялар және байланыс министрлігі Еуропалық үйлестіру және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі дирекциясының директоры Надежда Бухова ханым бастаған Болгар елінің делегациясымен кездесті. Келіссөздерге Қазақстан Республикасындағы Болгария Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Васил Петков та қатысты.
Келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы әуе қатынасы туралы үкіметаралық Келісімнің жаңа мәтіні «горизонталды» Келісімнің элементтерімен белгіленді. Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, оның негізінде елдердің тағайындалған әуе компаниялары аптасына 3 рейс, екі ел арасында барлығы 6 рейсті орындауға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, әр ел аумағында тұрақты рейстерге арналған пунктілерді анықтау туралы келісімге қол жеткізілді. Осылайша, қазақстандық тасымалдаушылар Болгария астанасы - София қаласына және Бургас, Варна сияқты курортты қалаларына ұша алады. Сонымен қатар, Болгарияның тағайындалған әуе компаниялары Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент сияқты «миллионды-қалаларына» ұшуға мүмкіндік алды.
Болгария - қазақстандық жолаушылар үшін белгілі туристік бағыт. Соңғы жылдары Болгария тарапы маусымдық туристік рейстерді жүзеге асырып жүр.
Жаңа келісімдерге қол жеткізу тікелей тұрақты рейстер ашуды жеңілдетеді.